Павлодар облысында қатты дауылдан бір үйдің кіреберіс дәлізі құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Ал 10-нан астам ауыл жарықсыз отыр. Желден электр сымдары үзіліп қалған. Ал өңірде 80-нен астам жеке меншік үй бүлінді. Апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетіле ме? Мәселенің мән жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар білді.
Павлодар облысында дауыл салдарынан 80-нен астам жеке меншік үйге зақым келген. Соның бірі – Заря ауылындағы мына баспана. Үйдің кіреберіс дәліз құлап кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Ахмер НҰРТАЗИН, ЗАРЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бірінші шатырын жұлып алды. Шатырын жұлып алғаннан кейін қабырғасы бірге кетті қатты желден енді. Сапа жоқ үйдің төбе жоқ. Төбе картон, дсп. Енді тағы жел болса, ұшады ғой біздің жақ.
Ал мына үйдің шатырын жел ұшырып кеткен. Үй иелері өз күштерімен жөндеуге тырысып жатыр. Алайда, шатырды толық қалпына келтіру үшін кемі 3 млн. теңге көлемінде қаражат қажет - дейді.
Қамар НҰРТАЗИНА, ЗАРЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл төбені ғана істеуге екі үйімізге 3 млн-дай ақша керек. 1 жарым миллионнан. Қалай істеп қалай бітіретінімізді білмеймін. Қазіргі жағдайды білесіздер қымбатшылық бәрі. Шамамыз жете ме жетпей ме сондай жағдайда отырмыз. Ал былай өзімізде күнкөріс ғой балаларда. Ондай ақша жоқ қолда.
Ал Заря ауылының жарты бөлігінде жарық жоқ. Тұрғындар майшаммен отыр. Өңірде әлі 10 ауылда электр қуаты қосылмаған.
Эльмира БЕЛГІБАЕВА, ЗАРЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жел болғаннан кейін свет өшкеніне міне бүгін төртінші күн. Бұл үйде свет жоқ әлі күнге дейін. Балалар қараңғыда отыр. Қашан болатыны әлі белгісіз.
Ал ауыл әкімі кешке дейін барлық үйге жарық қосылады - деп сендірді.
Рустам ҚАПАНОВ, ЗАРЯ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Кеше Посевка ауылының бәрін қостық. Заряның жартысынан көбі қосылды. Енді жартысы қосылмаған Бірлік бар, Жертұмсық бар жартысы қосылмаған. Бүгінгі жоспарымыз бүгін бәрін бітіреміз. Қала бізге автобус жіберді. Екі бригадамыз бар. Енді Құдай қаласа, бүгін бітіреміз.
Қатты дауылдан аймақта 83 әлеуметтік нысан шатырсыз қалды. Оның басым көпшілігі мектептер. Ал 63 көп қабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті қираған. Өңірде төтенше жағдай жарияланды.
Серік БАТЫРҒҰЖИНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Зардап шеккен тұрғындардың өтініші 30 күн ішінде қаралады. Ол үшін тұрғындар жергілікті әкімдіктерге барып, арыз жазулары керек. Өтініш негізінде зардап шеккен үйлердің шығыны есептелініп, материалдық көмек көрсетіледі.
Ал ұшқан шатырлармен бірге шенділер де орнынан ұшты. Аймақтың энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы осы саладағы жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін қызметінен қуылды.