Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ақтау портына «Taraz» және «Liwa» жаңа мұнай танкерлері қабылданды

AstanaTV
27.11.2023ж. 20:00
477
Ақтау портына «Taraz» және «Liwa» жаңа мұнай танкерлері қабылданды

Ақтаудағы халықаралық теңіз сауда портына жаңа мұнай танкерлері әкелінді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен AD Ports Group арасындағы ынтымақтастық аясында «Taraz» және «Liwa» атты танкерлер сатып алынды. Жаңа кемелердің иесі - «Қазақтеңізкөлікфлоты» мен International Maritime Investments Ltd компаниялары.

Су кемелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық көмірсутектердің экспорттық бағыттарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы аясында алынды. Танкерлер бір мезетте 8 мың тоннаға дейін мұнай тасымалдайды. Ол мұнай флотын кеңейтуге жол ашып, әлемдік логистикалық нарыққа өз қызметтерін ілгерілету бойынша алға ауқымды мақсаттар қойды.

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Жүк тасымалының дамуы мен айтып өткенімдей жүріп жатыр. Мен бірлескен кәсіпорынды одан әрі дамытуға және жаңа кемелерді сатып алуға ниетті екенімізді атап өттім. Каспий флотын тікелей дамытуға келетін болсақ, қазіргі тенденция - жүк көлемі артып келеді. Арта да бермек. Мемлекет басшысының орта жолды дамыту жөніндегі тапсырмасы жүзеге асырылуда. Қазір біз осы жұмыспен айналысып жатырмыз.
Танкерлер нидерландтық Damen концернінің кеме жасау зауытында жасалған. Олардың әрқайсысының ұзындығы – 140, ені – 16,7, шөгіндісі – 4,2 метр, ал жылдамдығы – 10 торап. Олар озық басқару жүйелерімен жабдықталған. Сондай-ақ барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен экологиялық талаптарға сай.

Мұхаммед Джума әл-ШАМИСИ, AD PORTS GROUP БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Бүгін - біз үшін мақтаныш күні. Қазақстан туының жанында өз туымыз желбіреп тұр. Лива мен Тараз - өте көне қалалар, бұл 2 елдің байланысын көрсетеді. Әрине, біз қазақстандық компаниялармен бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Ал теңіз академиямыз қазақстандықтардың біздің факультеттерде білім алуына мүмкіндік береді. Болашақта кейбір танкерлер Қазақстанда жасалуы мүмкін.
Ескі дәстүр бойынша кемелердің «өкіл аналары» қабылдау рәсімін өткізді. Қазақстан Республикасының білім саласындағы Еңбек Ері Аягүл Миразова «Taraz» танкерін қабылдау құрметіне ие болса, «Liwa» кемесін Біріккен Араб Әмірліктерінен келген Мубарака Әл-Мазроуей ханым қабылдады.