Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Көпшіліктің соғым сатып алатын қаржысы жоқ", - тұрғын

AstanaTV
28.11.2023ж. 20:00
544
"Көпшіліктің соғым сатып алатын қаржысы жоқ", - тұрғын

Астанада еттің бағасы түсті. Бір апта бұрын базардағы сиыр етінің келісі бірден 400 теңгеге арзандаған. Қазір келісі 2 500 теңгеден саудаланып жатыр. Бұған не себеп? Қала халқы шетінен соғым сойып алды ма? Базардағы ет неге өтпей қалды? Тілші Айсәуле Съезбек сұрап білді.

Айғаным Мұқашева 15 жылдан бері орталық базарда ет сатады. Таласып тармасып алатындар түгілі бағасын сұрайтындардың өзі сиреген. "Бұрын-сонды мұндай болмайтын. Қымбатшылық ет бөліміне келетіндердің қатарын азайтып жіберді, - дейді ол.

Айғаным МҰҚАШЕВА, САТУШЫ:

Біздің жағдайымыз нөл болып қалды. Етіміз өтіп жатқан жоқ. Осыдан бір апта бұрын ет 2900 теңге еді. Қазір 2500-ге түсірдік. Сонда да етіміз өтіп жатқан жоқ. Халықтың жағдайы жоқ па әлде оптом жартылай алып жатырма, білмеймін.

Биылғы қыс әлі түспеді. Кей өңірде мал жайылымда жүр. Ет бағасының сәл де болса төмендеуіне жем-шөптің үнемделуі сеп болды, - дейді ет дүкенінің жетекшісі Бекзат Қонысбек.

Бекзат ҚОНЫСБЕК, ЕТ ДҮКЕНІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұрынғыдай көп алмайды соғымды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда әжептәуір төмендеп қалды. Алдыңғы жылы бір отбасы 1 мал даже 1,5 мал алатындай шамада болатын. Қазір енді көбісі жарты туша солай алады. Оған себеп - еттің қымбаттауы.

Сонымен, Астанада сүйексіз сиыр етінің келісі 3700 теңгеге дейін барады. Жылқы еті – 4 мың, қой еті - 3400 деп сөрелерге қойылған. Ал жылқы мен қойды тұтас сойып алса, келісі - 2800-ден, сиыр еті 2500-ден келеді. Яғни, соғым алу әлдеқайда үнемді. Бірақ бірден 200-250 келі ірі-қараны сатып алайын десе, екінің бірінің қалтасы көтермейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

 - Малды сойып алуға қазір халықтың жағдайы келіп жатыр ма?
- Келмейді-келмейді. Қымбатшылық қой қазір. Ал біз ауылда сойғанның өзінде де 3-4 үй бөліп аламыз. Бір адамға ауыр.
- Қазір соғым алмайды ғой көпшілігі. Сатып алатын ақшасы жоқ көбісінің. Ауылдан барып алсаң арзанырақ. Мында қымбат шығар.
- Соғым алу үшін қаншама ақша керек. А так аз-аздап жейміз. Бәрін үнемдеуге тура келеді.
- Мен өзім Шығыс Қазақстаннан әкелемін. Мына жерден мал алмаймын. Килограммдап алу деген өте тиімсіз нәрсе. Ақшаға келгенде жетпейтіндерге өте қиын.

Адал астың қамы үшін ауыл-аймаққа арнайы барып, соғым соятындарды да жолықтырдық. Дегенмен, халықтың басым бөлігі там-тұмдап екі күнде бір келілеп ет алғанды жөн көреді. Жөн көреді дейміз-ау. Мәжбүр.