Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Өз малын өзгенің қорасынан тапқан павлодарлық төрт түлігін қайтара алмай жүр

28.11.2023ж. 20:00
605
Өз малын өзгенің қорасынан тапқан павлодарлық төрт түлігін қайтара алмай жүр

Өз малын өзгенің қорасынан тапқан павлодарлық азамат төрт түлігін қайтара алмай жүр. Чернорецк ауылының тұрғынының 10 күн бұрын 9 ірі қарасы жоғалған. Артынша, мал көрші ауылдағы бір үйдің қорасынан шығыпты. Бірақ, ауылдасы түлікті иесіне қайтармай отырған көрінеді. Неге? Ол сауалдың жауабын тілшіміз Өзгеріс Қуанар білді.

Ардагелді Жанай малын қайтара алмаған соң полиция шақырады. Алайда, ауылдасы тәртіп сақшыларын да, малдың иесін де қасына жолатпай қойған. Мал керек болса, сотпен дәлелдеп алыңдар - деп жауап қатыпты.

Ардагелді ЖАНАЙ, ЧЕРНОРЕЦК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сотқа дейін оны дәлелдеу үшін қаншама уақыт керек. Оған дейін ана қордағы малдарды жоғалтып жіберуі мүмкін. Сойып көзін құртып жіберуі мүмкін. Бүгінгі күннің өзінде алғызбай отырған қанды алғызып, уже сол тайыншалардың құлақтарына сырға салып тастады.
Тәртіп сақшылары да малды иесіне қайтара алмаған. Себебі, бөтен біреудің қорасына баса көктеп кіруге құқығы жоқ екенін айтқан.

Жанна БІЛӘЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Осы факті бойынша полицейлер өз құзыреті шегінде Павлодар ауданы бойынша ветеринариялық инспекциясына кінәлі тұлғаларды ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабының 5 және 7-бөлігімен жауапкершілікке тарту туралы хат жолдады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы биліктің жұмысына кедергі келтірген шаруа қожалығының басшысын жауапкершілікке тарту.
Амалы таусылған тұрғын мәслихат депутатының қабылдауына барды. Түйінді түйткілді шешуге көмектесуін сұрап, өтініш қалдырған.

Асылбек ТУҒАНБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осы 4-5 күннің айналасында ештеңе шешілмеген. Сондықтан, «Аманат» партиясына жүгініп отыр. Біз өз тарапымыздан осы мәселеге байланысты ат салысып, мәселенің толық шешілуіне көмектесетін боламыз.
Малды қайтармай отырған тұрғынға да хабарластық. Алайда, ол ешкімнің төрт түлігін ұрламағанын айтады.

Наталья КУЗЬМЕНКО, НАБЕРЕЖНАЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ветеринар келіп, малды санап түгендеді. Менде артық мал шыққан жоқ. Олар малын менің қорамнан емес, басқа жерден іздесін. Мен ешкімнің малын ұрлаған жоқпын.
Полиция департаменті малды тек сот арқылы дәлелдеп, қайтарып алуға болатынын айтады. Алайда, зардап шегуші оған дейін малын сойып тастай ма деп алаңдап отыр.