$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан Үкіметі «АрселорМитталТеміртау» компаниясын 286 млн долларға сатып алды

08.12.2023ж. 20:00
691
Қазақстан Үкіметі «АрселорМитталТеміртау» компаниясын 286 млн долларға сатып алды

«АрселорМиттал Теміртау» Акционерлік қоғамын мемлекет меншігіне қайтару келіссөздері аяқталды. Кәсіпорын 286 миллион долларға бағаланған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, жаңа инвестор – қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев. Ірі кәсіпкер компанияның алдағы төрт жыл ішінде 250 миллион доллар қарызын жабуды және 450 миллион доллар көлеміндегі ұзақ мерзімді қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді өз мойнына алады. Сондай-ақ, компания өкілдері "Қазақстан халқына” қайырымдылық қорын қолдау үшін 16 миллиард теңге аударуға келісті дейді министр.

Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
286 миллион доллар - бұл толыққанды жұмыс істейтін екі кәсіпорынның құны десек болады. Бұдан басқа, ArcelorMittal Қазақстан үкіметіне ешқандай талап қоймайтынын және келісімге халықаралық заңнамаға толық сәйкес құқықтық алаң аясында қол жеткізілгенін атап өткен жөн. Қорға АМТ-дан түсетін қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы өзекті мәселелерін шешуге және өңірдің әлеуметтік маңызы бар жобаларын дамытуға бағытталады.
Кәсіпорын атауы да ауысты. «АрселорМиттал Теміртау»-дан ресми түрде QARMET болып өзгерді. Жаңа инвестор еңбек ұжымымен танысып, Вадим Басин компанияның бас директоры болып тағайындалды.