Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Данияда Құранды өртеуге заңмен тыйым салынды

08.12.2023ж. 20:00
524
Данияда Құранды өртеуге заңмен тыйым салынды

Данияда Құранды өртеуге заңмен тыйым салынды. Оны бұзғандар айыппұл төлейді немесе екі жылға сотталады. Құранды қорғау ұсынысын Дания парламентінің 94 депутаты қолдады. Қалған 77-і қарсы дауыс берген. Жергілікті биліктің мұндай шешім қабылдауына негіз бар. Тек биылдың өзінде корольдікте діни сипаттағы тулар мен кітаптарды жою бойынша 500-ден аса акция өткен. Саясаттанушылар мемлекеттің бұл бастамасын қолдайды. Осы арқылы қоғамды бүлікке емес, бірлікке шақыруға болады, - дейді.

Жәнібек АРЫНОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Дін мәселесі, ар-ождан мәселесі, жеке сенім-наным мәселелері – өте маңызды. Сол үшін біз көріп отырмыз, өзге мемлекеттерде, әсіресе мұсылман халқы басым мемлекеттерде оған қарсы бір кері қозғалыстар жүріп жатты. Менің ойымша шынымен де дұрыс. Өйткені, ол өзіміздің территориямызда, өзіміздің мақсатымызда не істесек те өзіміз білеміз деген дұрыс нәрсе емес.
Қасиетті кітапты қорғау бастамасын биік мінберде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Мемлекет басшысы қыркүйек айында БҰҰ-ның Бас Ассамлеясында сөйлеген сөзінде Құранды құқықтық тұрғыда қорғауға шақырды. Оны өртеу өркениетаралық байланысты бұзатынын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс.