Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Телефон мен телевизорға телмірген балалардың ойлау қабілеті төмендеп, тілі кеш шығып жүр

Телефон мен телевизорға телмірген балалардың ойлау қабілеті төмендеп, тілі кеш шығып жүр

Аяқ-қолы балғадай, аман-есен дүниеге келген сәбилер цифрлы технологиялардың әсерінен жүре келе түрлі ауруға ұшырап жатыр. Телефон мен телевизорға телмірген балалардың ойлау қабілеті төмендеп, тілі кеш шығып жүр. Тіпті цифрлы аутизм деген диагноз да бар қазір. Бала тәрбиесін экранның ар жағындағы контентке сеніп тапсырған ата-ана салдарын көргенде ғана «логопед» маман іздеп сандалып кетеді.

Әбунасыр Сағатбай 5 жаста. Анасының айтуынша, тілі 1,5 жаста шыға бастаған. 3 жасында балабақшаға келген соң сөздік қоры дами түскен. Қазір «Р» әріпіне ғана тілі келмейді. Сондықтан аптасына екі рет логопедке барады. Маманның кеңесімен, мультфильм көруді азайтқан соң нәтиже тіптен жақсарды, - дейді анасы.

Ұлболсын ЖАЛҒАСБАЙ, АНАСЫ:
Телефон қарайды. Бірақ балабақшадан келгенде күніне бір-ақ сағат қана береміз. Сосын телевизор қарайды. 1-2 сағат. Демалыс уақыттарында шамалы 2 сағаттай көреді.
Мультфильмдердегі персонаждардың аузына қарап бала шатасады. Өйткені онда айтылған сөз ауыздың қозғалысына сәйкес келмейді. Ал бала әуелде адамдардың аузынан шыққан үн мен еріннің мимикасына қарап сөйлеп үйренеді, дейді Мақпал Аширова. Ол 16 жылдан бері балабақшада тәрбиеші. Оның айтуынша, еңбек жолын енді бастағанда балалардың тілі уақытылы шығып, мектепке барарда сөздік қоры бай болған.

Мақпал Аширова, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ:
Қазіргі балалардың көбінесе «Р, Ш» әріптеріне тілі келмейді. Телфон, гаджет, компьютер барлығы балаға кері әсерін тигізеді. Керісінше, ата-ана көбірек кітап оқып берсе балаға, көбірек баламен сөйлессе, көбірек ән тыңдатып, ертек тыңдатса, ол бала жақсы, қарқынды, тез дамиды.
Тілді ерте дамыту үшін сүйек мүжітіп, құрт малтатқан абзал, дейді мамандар. Бұл тіл бұлшықетіне тікелей әсер етеді. Бесік жырынан бастап, жас ерекшеліктеріне сай ертегі-жыр оқып беру қиял-көкжиегін де кеңейтеді.