Елден заңсыз шығарылған 1 триллион теңгенің мүлкі, акциялары, кәсіпорындары мемлекетке қайтарылған. Олардың бәрі мемлекет меншігіне ерікті түрде берілді дейді жауапты ведомство. Алайда, офшорлық аймақтарда 45 миллиард долларға жуық елдің ақшасы жатыр. Олар қашан, қалай қайтарылады? Мәжіліс капиталдың шетелге шығуына тосқауыл болатын құжатты мақұлдады. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай айтады.
Заңның солқылдағын пайдаланып кейбір шенеуніктер мен олигархтар отыз жыл бойы капиталды офшорларға шығарып тұрған. Жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар қаржы шетел асады дейді депутат Бақытжан Базарбек. База бойынша кейбір офшорлық аймақтар белгілі, алайда олармен Үкімет әлі келісімшартқа отырмаған.
Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Менің ақпаратым бойынша қазір офшорлық аймақта 45 млрд-қа жуық осы елдің, халықтың ақшасы офшорда жатыр. «Текст Жастис» деген ұйымның мәліметінше, жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар капитал шығарылады. Осыған байланысты қысқаша сұрақ. Сіздің мекемеңіз, Үкімет, осы офшордағы 45 млрд-қа жуық ақшаны қайтару үшін қандай жұмыс істеп жатыр? Қандай шара қолданып жатырсыз?
Қаржы министрінің айтуынша, шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша комиссия жұмыс істеп жатыр. Бірнеше тұлға реестрге кіргізілген. Олармен қазір Бас прокуратураның арнайы комитеті жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ал министрлік арнайы офшорлық аймақтардың тізімін бекітіп қойған дейді.
Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Ондай аймақтармен жүргізілген операциялар күмәнді болып саналады. Ол жерде тексеру барысында трансферлік баға берілу күшейтіледі. 55 мемлекетпен қосарланған салықты жүргізбеу бойынша конвенциялар бар. Соңғы 1-2 жылда еліміздегі валюталық реттеу мен бақылау Ұлттық банктің құзыретінде болған мәселе болған. Біз заңға тиісті өзгерістерді енгізіп, Қаржы министрлігі валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қосылып отыр.
1 трлн теңгенің мүлкі, акциялары, кәсіпорындары мемлекетке қайтарылды. Ел меншігіне өткен нысан мектеп не ауруханаға жарамды болса, онда ол тиісті мемлекеттік органға беріледі. Ал бизнес үшін қызығушылық тудырса, онда ашық аукцион арқылы сатылады, не бәсекелестік ортаға шығарылады. Қайтпаған қаржыны көбейтпес үшін Мәжіліс капиталдың шетелге шығуына тосқауыл қоятын құжатты мақұлдады. Бұдан былай шетелмен жасалатын мәмілелер тексеріліп, баға нарықтан төмен белгіленбейді.