Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Павлодарда экологтар құс фабрикасы топырақ пен жерасты суын ластап жатыр – деп дабыл қақты

Павлодарда экологтар құс фабрикасы топырақ пен жерасты суын ластап жатыр – деп дабыл қақты

Павлодарда экологтар өңірдегі құс фабрикасы топырақ пен жерасты суын ластап жатыр – деп дабыл қақты. Айтуларынша, кәсіпорынан шыққан қалдықтар жерге көмілген. Бұл топыраққа сіңіп, су көздерін ластайды – дейді мамандар.  Сондықтан, облыстық экология департаменті «Павлодар» құс фабрикасының жұмысын уақытша тоқтата тұру туралы сотқа жүгінді.  

Экология департаментінің тексеру жүргізуіне тұрғындардың шағымы себеп болған. Құс фабрикасы орналасқан Жетекші ауылының халқы жағымсыз иіске тұншығып отырғандарын айтқан.  

Александр СТЕПАНЕНКО, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Топырақтағы зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша калий, фосфор, магний, кальций бойынша күкірттің көрсеткіштері 2 есеге артық екені анықталды. Яғни, ол топыраққа әсері етеді. Осы арқылы ол жер асты суына жетеді. Бұл заңбұзушылық.

Экологтар кәсіпорын жұмысын тоқтату туралы бұйрық шығарды. Алайда, бұл бұйрықмен фабрика басшысы келіспейтінін айтады. Өйткені кәсіп тоқтаса, қарызға белшеден батамыз дейді.   

Ербол ДОСЫБАЕВ, «ПАВЛОДАР ҚҰС» ФАБРИКАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Мен тұрғындардың қарсылығына байланысты құс фабрикасын ауылдан 2 шақырымға дейін көшіруге дайынмын. Оған қоса иіс шығармайтын қорғаныс құралдарын күшейтеміз. Қажетті барлық шараларды орындауға дайынбыз. Тек бизнесті тоқтата алмаймыз.

Мәселеге кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес өкілдері де араласуда. Себебі, құс фабрикасының жұмысы тоқтаса, жұмыртқа бағасы өседі дейді.  Кәсіпорын өнімі нарықтың 30 пайызын қамтып отыр.

Серік ӘУБӘКІРОВ, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ   ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бизнесті тоқтатпау үшін бірнеше нұсқаны қарастырдық. Бұл ретте кәсіпорын қалдықтарды сақтайтын қойманың құрылысын бастап кеткенін айтты. Бұл енді экологиялық көрсеткішке сай талап.

Соңғы шешім-сотта. Кәсіпорынның заң талабын бұзған, бұзбағаны да сол кезде белгілі болады.  

Ө. Қуанар