Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Әйел қара жұмыстан қашан құтылады?

14.12.2023ж. 20:00
429
Әйел қара жұмыстан қашан құтылады?

Иә, бұл аяз біраз адамды үсітті. Сыртқа артық адым аттай алмадық. Осындайда ашық базардағы сатушылар қалай амалдады екен деген сауал туады. Ыстық-суыққа қарамай сауда жасайтындардың дені әйел екенін ескерсек, жағдай қиын. Қай өңірге барсаң да ала таңнан әйелдер көше сыпырады. Темекі тұқылын, қақырық-түкірікті жинайды. Одан қалды ауыр жүк тасып, белі бүгіледі. Нәзік жандылар ауыр тірліктен қашан құтылады, қаракөздерімізді мұндай деңгейге түсірген не жағдай? Қу тірліктің қамы деп жүрген келіншектермен әріптесім Аружан Задабек тілдесіп қайтты.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Күннің аяздығына қарамастан бағардың іші ығы-жығы халық. Саудагерлердің арасында әйелдер көп. Олардың мақсаты бір – отбасын асырау.

Күн суық. Ең қалың деген киімімізді киіп елордадағы ашық базарларға бет бұрдық.

Ыстық шәймен денесін жылытып отқан келіншектің есімі – Галина. Сатушы осымен 17-қысын көшеде өткізіп жүр. Суыққа әбден еті үйренген.

Галина ТАМАШОВА, САТУШЫ:

Сауда әркезде әртүрлі. Бір күні -20 мың, бір күні – 5 мың табамыз. Кейде мүлдем тиынсыз қайтамыз. Осындай аязда сауда мүлде болмайды. Адамдар үйден шықпай жатқанда, біз көшеде тұрамыз. Амал жоқ, отбасын асырау керек.

Айналадағы сатушылардың дені – 50-ге жақындаған аналар. Сұлу ажарынан шаршағандары байқалып-ақ тұр. Нәп-нәзік қолдары «күс-күс" күйге түскен.

Лена, САТУШЫ:

Жұмыс жоқ. Егер басқа жерге мені алса, бұлай тұрмас едім. Денсаулығым да жоқ. Күн аяз. Мен де басқалар сияқты шетел көргім келеді. Бақытты болғым келеді.

Бақытты болуды аңсайтын әйелдің көңілі түсті. Шыдамы таусылса керек. Өксік толды. Жылады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Менің сыртта тұрғаныма небәрі жарты сағат болды. Соның өзінде денем қалтырап, шыдай алар емеспін.

Көлікке отырып, бір жылынып алғаннан кейін келесі базарға бет бұрдық. Мұнда да сауда жасап жүрген - кіл әйел.

Шұлық алып тұрып сатушының қолына көзім түсті. Аяздан ба, дерттен бе, қайдам, қолдары қатты дірілдейді.

Қалбибі ЖАҚЫПОВА, САТУШЫ:

Жасым да оңай жасқа келген жоқпыз. 50 жасқа келдім. Жай-жай сыр беріп жатыр. Аяқ ауырады, бел ауырады.

Базарда жүріп Мөңке бидің «Әйелің базаршы болады, еркегің қазаншы болады» деген сөзі еріксіз еске түсті. Рас.

Қазақ «әйелдің тапқан 10 теңгесінен еркектің тапқан 5 теңгесі артық» дегенді бекер айтпаса керек. Бірақ бүгінгі нарық «алма түс, аузыма түс» дейтін заман емес, дейді сатушылар.

Ақмарал АБДУЛОВА, САТУШЫ:

Күйеуім жоқ. Өзім жалғыз жүрмін. – Балаларыңыз бар ма? – Бар, екі балам. – Олар жұмыс істей ма? – Олар өз әлектерінде. Өз өздерін асырай алмай жүр. Ешкім сұрамайды қалімді. Өз-өзіммен жүрмін. Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде енді.

Әлемдік статистика әйел – түздің, еркек – үйдің шаруасымен айналысып кеткенін көрсетеді. Бұрымдылар бөріктілерден күніне 50 минут, ал жылына 39 күн артық қызмет етеді екен. Қалай болса да, нәзік жандылардын жаны ғана емес, жұмыр алақаны да жараланбаса екен дейміз.