Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қызылорда жұртшылығын екпінді жел әбігерге салуда

14.12.2023ж. 20:00
381
Қызылорда жұртшылығын екпінді жел  әбігерге салуда

Қызылжарда 12 адамды үсік шалды. Ал Қызылорда жұртшылығын екпінді жел әбігерге салуда. Елімізде ауа райы әлі қолайсыз. Жүздеген көлік діттеген жерге жете алмай жолда тұр. Өңірлердегі тілшілеріміз жағдайда толығырақ жеткізеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда аяздың беті қайта бастады. Аймақта бір апта бойы сынап бағанасы 30 градустан түспеді. Кейбір күндері тіпті 40-қа дейін жетті. Сарышұнақ аяздың әлегі аз болмады. Жолдар жабылып, жұрт алыс-жақын жерге қатынай алмады. Десе де, қытымыр қыстың қаһарына ілінгендер де жоқ емес. Теріскейде 12 адамды үсік шалды.

Екатерина БЕЛОУСОВА, ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бір аптаның ішінде жарақат бөліміне 12 адам түсті. Бірі балық аулауға шықса, енді бірі қырдан малын іздеп кеткен. Олардың аяқ-қолдары үсіген. Бес адам ауруханаға жатқызылды. Қазір дәрігерлер олардың дене мүшелерін сақтап қалуға тырысып жатыр. Егер жағдайлары оңалмаса, операция жасауға тура келеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Күн райы енді сақылдаған сары аяздан екпінді желге ұласпақ. Аймақта күн райы тек келесі аптада қалпына келеді дейді синоптиктер. Ал қызылордалықтар қатты желдің зардабын тартып жатқан көрінеді. Ол туралы әріптесім Мөлдір Тоқтасынқызы айтады.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Абзал Қызылордада желдің екпіні қатты. Соның салдарынан қаланың кей бөлігінде электр жарығы өшіп, үйлер жылымай тұрғындар бүрсең қағып отыр. Мектеп оқушылары мен студенттер онлайн оқу режиміне көшті.

Табиғи құбылыс өзінің кесірін қаладағы нысандарға да тигізді. Кейбір ғимараттардың сыртқы беттері мен шатырлары желге шыдас бермей, опырылған.

Ғалымжан ЕРКЕБАЙ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

5 ғимараттың сыртқы қаспеттеріне ақаулар пайда болып жатыр. Алайда олар дер кезінде барып қалпына келтірілуде. Жеңіс көшесіндегі 99 үйдің сыртқы қаспеті түсіп қалған. Ол қасбетті 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен тұрғын үй. Жел басылғаннан кейін бұл жұмыстар барлығы қалпына келетін болады.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жол патрульдік полиция қызметкерлері де тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр. Олар соңғы 3 күнде 100-ден аса автокөлікке көмек көрсеткен. Оның ішінде шетелдік азаматтар да бар.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Желдің екпінінің қаттылығы сонша, мен де ұшып кетейін деп әрең тұрмын. Абырой болғанда, табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен адам жоқ. Дегенмен, төтеншеліктер мұндай ауа райында тұрғындарға өмірлерін қатерге тігіп, алыс сапарға шықпауды ескертеді. Себебі ертең де шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 28 метр болады деген болжам бар.