Негізгі / Жаңалықтар / Қашаған мұнайы тек экспортқа шығарылады

Қашаған мұнайы тек экспортқа шығарылады

Қашаған мұнайы тек экспортқа шығарылатын болады. Аталған кен орнынан ішкі нарыққа шикізат тасымалдау әзірге жоспарда жоқ. Бүгін «Қашаған жақын және перспективті болашақта» атты жиында Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай деді. Вице-министрдің айтуынша, өндіру тәулігіне 75 мың баррельден асқан коммерциялық деңгейді арттыру жұмыстары жүріп жатыр.

Жоспар бойынша Қашағанда мұнай өндіруді тәулігіне 180 мың баррель деңгейінде тұрақтандыру көзделген. Ал жыл соңына дейін аталған кен орнынан 1 миллион тоннаға дейін мұнай өндірілмек. «Өнімді бөлу туралы келісім қолданыла бастағаннан бері мердігер 1.9 миллиард доллар мөлшерінде бонус төлеген. Егер мұнай бағасы барреліне 50 доллардың көлемінде болса, 2017 жылы мемлекеттік бюджетке 135 миллион доллар түседі», - деді Мағзұм Мырзағалиев. Сондай-ақ, ол аталған келісім соңына дейін, яғни 2041 жылға дейін жоспарлы өндіру 308 миллион тонна мұнайды құрайтынын айтты. Алайда әзірге Қашаған мұнайы тек сыртқы нарыққа тасымалданбақ.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

Мұнай жүз пайыз экспортқа кететін болады. Ішкі нарыққа мұнай тасымалдау жоспарымызда жоқ. Бұл ішкі нарықта мұнай бағасының сыртқы нарықпен салыстырғанда аздығымен байланысты. Сондықтан Қашаған сияқты осындай алып жобаны қолдау үшін мұнайды толықтай шетелге шығарамыз. Жыл соңына дейін бір миллион тонна, келесі жылы тоғыз миллионға жуық, ал одан кейінгі жылы 16 миллион тонна көлемінде мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз.