Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматы қаласының тұрғындары үй маңына төгілген қардың зардабын тартып отыр

AstanaTV
13.12.2016ж. 20:00
2583
Алматы қаласының тұрғындары үй маңына төгілген қардың зардабын тартып отыр

Алматының коммуналдық қызметі қаладағы қалың жауған қарды тазаладық дегенмен, жеке сектор маңында тау болып үйілген қардан тұрғындардың ығыры шықты. Көпшіліктің айтуынша, қала ішінен жиналған қарды жергілікті  билік өкілдері тұрғын үй маңына төгіп кетуді әдетке айналдырған. Салдарынан тау болып үйіліп, арнасынан асқан қар тұрғындар өтетін жолды жауып тастаған. Айгүл Ермахан мегаполис тұрғындарын тыңдап келді.

www.youtube.com порталынан:

Наш акимат, конечно, молодец. Чистит снег по всему городу. Но в одном месте он чистит, а в другом разводит огромную свалку.

Жергіліктің биліктің қар тазалау жұмысына көңілі томағандар әлеуметтік желілерде осындай бейне таратқан болатын. Тек бұл ғана емес, мегаполистің бетке ұстар Достық көшесіндегі бүгінгі жағдайы да мәз емес. Қаланың әсем келбетін әр  жерде тау болып үйілген күртік қар құртып тұр. Медеу ауданы тұрғындарының сөзінше, коммуналдық қызмет қаланың бүкіл қарын мына бос жатқан алаңқайға тасумен әлек болыпты. Тіпті межесінен асырып жібергені соншалық, тұрғындар өтетін өткелді жауып тастаған. Жұрт қоқыс араласқан қар үйіндісін аттап өтуге мәжбүр. Зейнеткер Лилия Баширова былтыр да жергілікті биліктен жануар өлексесі араласқан лас алаңнан арылтуды сұраған. Бірақ әзірге нәтиже жоқ дейді ол.

Лилия Баширова, қала тұрғыны:

Мына үңгірге бүкіл қаланың қарын төгеді. Осыдан 10 жыл бұрын бұл жерде жеке сектор болатын. Кейін сүріп тастады. Осы шұңқырға қыста қар әкеліп үйеді. Ал жазда қоқыс толып, жатады. Содан атжалмандардың мекеніне айналды. Өткен жылы қатты сасыды. Ит өлген екен десек, адам өліп қалған. Мәйіті екі апта жатты. Ешкімнің жұмысы жоқ. Қазір қар құрсауына шырмалып, мүлдем жүре алмай қалдық. Медеу әкімшілігіне жазғанмен, түк нәтиже жоқ. Айта-айта шаршадық.

Қала қары қайда шығарылып жатыр деген сауалды жуырда әкімдік өкілдеріне қойған едік. Айтуынша, қала ортасындағы қар төгетін полигондар уақытында тұрғызылмай қалған құрылыс нысандарына тиесілі. Сондықтан  әр ауданның басшысының қар үйінділерін осы шұңқырларға төгу туралы шешімі бар көрінеді.

Дәурен Нұрдәулетов, қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Қар төгу мәселелері бойынша аудан әкімдерімен ұйымдастырылып, әр ауданда белгіленген орындары анықталған. Сол жерлерге қар шығару жұмыстары жүргізіліп отыр. Қажеттілік туындағанда аудандармен қосымша орындар қарастырылады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Тұрғындар қала сыртынан қар төгетін полигон салатын уақыт жетті деп отыр. Қазір қалада ызғар сынып, қар еріп жатыр. Енді халық еріген су үйдің іргетасын сөге ме деп қауіптенеді. Биыл Алматыға қалың қар түсті. Қарашадағы 4 тәулікте 95 мың текше метр қар жауған. Бұл былтырғыдан әлдеқайда көп. Коммуналды қызмет бір аптада 300 мың тоннаға жуық қар шығарып, әбігерге түскен болатын. 

Айгүл ЕРМАХАН