Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Атырау облысының Құлсары қаласында 20 отбасы қабырғасы қақ айырылған үйде тұрып жатыр

20.12.2023ж. 20:00
472
Атырау облысының  Құлсары қаласында 20 отбасы қабырғасы  қақ айырылған үйде тұрып жатыр

Атырау облысының Құлсары қаласында 20-дан астам отбасы қабырғасы қақ айырылған үйде тұрып жатыр. Осыдан он шақты жыл бұрын сәл ғана сызат боп түскен жарық күн өткен сайын үлкейіп барады. Тұрғындар қиранды астында қаламыз ба деген қауіппен күн кешуде. Атқамінерлер жағдайдан хабардар, бірақ қауіпсіз жерге көшіруге асықпай отырған көрінеді.

Көп балалы ана Ақжарқын Қалышева қабырғадағы жарықты үйдегі ескі-құсқы киіммен бітеумен әлек. Бастапқыда сызат балконнан байқалған. Енді қонақ бөлмесінің қабырғасы да жарылып жатыр. Күндіз-түні жел гулеп отырғызбайды, бәрінен бұрын қабырға құлай ма деген қауіптен көз ілмейміз,- дейді ол.

Ақжарқын ҚАЛЫШЕВА, ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2010нан бері тұрып келе жатырмын. Үйіміз апатты деп жүргеніме 15 жылдай болып қалды. Қай-қай әкім болғанның өзінде де бұкіл әкімнің бәріне кіріп шақтым. Ешқандай мәселе шешілмейді. Акимат апаттыға жатқызбай тұр. Жұмысқа кеткен сайын үреймен отырамыз. Балаларымызды уайымдап, Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз.

Жұмазия ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Неше жылдан бері мына үйде тұрмайды. Неге десеңіз, қабырғасының бәрі сөгіліп тұр. Түсіп кетейін деп тұр бетондар. Бұл үйде тұра алмайды, жағдайы келмейді оған. Арам өлетін жағдайы жоқ оның ішінде.

Салынғанына 45 жыл болған қос қабатты үй қалалық әкімдіктің жанында орналасқан. Тұрғындар атқамінерлерді шақырып, талай мәрте көмек сұрапты. Бірақ әкімдіктегілер өздеріне сараптама жүргізіп, апатты деп тануға кеңес беруден әрі аспапты. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі үй жалдап, туған-туыстарын жағалап жүр. Барар жері жоқтар ғана ілдалдадап күнелтуде.

Саян БАСИЛОВ, ЖЫЛЫОЙ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл тұрғындарға техникалық сараптама дейді, сараптау жұмысын жүргізіп, егер апатты деп танылған жағдайда тұрғын үй есебіне қоямыз. Немесе салынатын пәтерлер болса коммуналдық мүлікте соны беруге тырысамыз.

Аудандағы сараптама жүргізетін маман терможаңғыртудан өткізуге кеңес берді. Бірақ қабырғасы қақырап тұрған үйге ешбір жөндеу көмектеспейді,- дейді әбден қажыған халық. Айта кетейік, Құлсары қаласында 132 тозығы жеткен үй бар.