$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Лотерея операторы өз табысының 10%-ын отандық спортты дамытуға береді

AstanaTV
25.12.2023ж. 00:24
1802
Лотерея операторы өз табысының 10%-ын отандық спортты дамытуға береді

Елімізде лотерея операторы өз табысының 10%-н тоқсан сайын отандық спортты дамытуға жібереді. Бұл туралы Үкіметтің депутаттың сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі барлық лотерея терминалына тексеру жүргізуді ұсынып, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттың сауалына жауап берді.

Жамаубаевтың сөзінше, «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңды қабылдағанға дейін елімізде шамамен 30 мыңға жуық заңсыз ойын аппараттары жұмыс істеп тұрды. Сарапшылардың бағалауы бойынша көлеңкелі нарықтың көлемі жылына шамамен 54 млрд теңгеге жетеді. Лотерея аппараттары дербес жұмыс істеп, ұтыстардың реттелетін деңгейіне ие болды, кәмелетке толмағандарға қол жетімді болды және олардың иелері салық төлемеді.

Лотерея саласын дамыту, оның ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында заңда Қазақстанда лотереяны ұйымдастыруға айрықша құқықтары бар заңды тұлға лотерея операторын құру туралы норма көзделген. Мұндай шешім лотерея қызметін реттеу жөніндегі озық халықаралық тәжірибені мұқият зерделегеннен кейін, сондай-ақ заңды қабылданғанға дейінгі құқық қолдану практикасын ескере отырып қабылданды. 2017 жылдың ақпанында конкурстық негізде Үкіметтің шешімімен «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ы 15 жыл мерзімге лотерея өткізу құқығымен лотерея операторы болып айқындалды, - делінген Премьер-министр орынбасарының жауабында.

Оператор жұмысының ашықтығы мәселесі бойынша Туризм және спорт министрлігінің министрлікте орналастырылған лотереялық есептілік орталығы арқылы оператор жүргізетін барлық лотереяға мониторинг жүргізуге мүмкіндігі бар. Өз тарапынан оператор лотерея ақпаратын өңдеу орталығы арқылы таратылған лотерея билеттері, сатылған лотерея билеттерінен түсетін түсімдер, төленген ұтыстар туралы ақпаратты жинауды, қалыптастыруды, сақтауды және есепке алуды және оны лотерея есептілігі орталығына ұсынуды қамтамасыз етеді.

Министрлік пен лотерея операторы арасында жасалған лотерея қызметі саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл, Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы меморандум шеңберінде лотерея терминалдарының саны азайтылды. Осылайша, биылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Lotomatic» лотерея терминалдарының саны кезең-кезеңімен 25 мыңнан 5 мың бірлікке дейін азайды, бұдан әрі 2032 жылға қарай оларды 1250 бірлікке дейін қысқарту жоспарланып отыр, - деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.

Үкімет мүшесі атап өткендей, қазіргі уақытта, лотереялар агенттер, лотерея операторының бөлшек сауда желісі, «Қазпошта» АҚ, «Loto Club» ЖШС, «Lotomatic» ЖШС арқылы таратылып келеді.

Заңға сәйкес лотерея операторы өз табысының 10%-н тоқсан сайын отандық спортты дамытуға жібереді. Бүгінгі таңда спортты дамытуға 11,4 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар биылдың 1 қаңтарынан бастап лотерея операторы өз пайдасының 10%-н «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына жібереді. Қазіргі уақытта аударымдар сомасы 4 млрд теңгеге жетті, - делінген Жамаубаевтың ресми жауабында.

Сонымен қатар меморандум шеңберінде лотерея операторы келесі жылдан бастап жеке тұрған лотерея дүңгіршектерінің санын қысқартуды жоспарлап отыр және лотерея терминалдарының жаңа нүктелерін ашуға мораторий белгіледі. 2028 жылға қарай лотоклубтардың жалпы санын 200-ге дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл ретте жаңа лото клубтардың ашылуына биылдың 1 қыркүйегінен бастап мораторий белгіленді.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 18 жасқа толмаған тұлғалардың оператор өткізетін лотереяларға қатысуы мүмкін емес, өйткені бұл мәселе уәкілетті органның және лотерея операторының ерекше бақылауында.

Атап өтетіні, биылдың 1 қыркүйегінен бастап жастар арасындағы лудоманияның өсіп келе жатқан деңгейін ескере отырып және қоғамдағы негативтің «дәрежесін» ескере отырып, министрліктің ұсынысы бойынша лотерея операторы «Lotomatic» лотереясы мен лотерея клубтарына қатысушылар үшін жас шегі 18-ден 21 жасқа дейін көтерілді, - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» әзірленген заң жобалары шеңберінде Лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнаманы осы саланы реттеуді қатаңдатуға бағытталған түзетулер көзделген, оның ішінде:

- лотерея операторының лотерея түріндегі құмар ойындарды өткізу мүмкіндігін болдырмау мақсатында лотерея өткізу шарттарын олар бекітілгенге дейін уәкілетті органмен келісу міндетін белгілеу;

- лотерея билеттерін тарату тәртібін өзгерту, оның ішінде лотерея билеттерін таратуға, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерде, жатақханаларда, балалар, білім беру, Медициналық және мәдениет ұйымдары, ғибадат және діни ұйымдар орналасқан ғимараттарда, құрылыстарда лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салуды енгізу;

- лотерея операторының қызметін айқындау және тоқтату тәртібін, лотерея операторына қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ оны әзірлеу жөніндегі уәкілетті органның құзыретін бекіту жөніндегі құзыретті белгілеу.