$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Нұр Отан» партиясының мүшелері жеңімпаздар форумын өткізді

AstanaTV
21.03.2016ж. 20:00
2453
«Нұр Отан» партиясының мүшелері жеңімпаздар форумын өткізді

«Нұр Отан» партиясының мүшелері жеңімпаздар форумын өткізді. Алдын-ала есеп бойынша сайлауда халықтың 82 пайыз қолдауына ие болған саяси ұйымның қуанышын бөлісуге тоғыз мыңнан астам адам жиналды. Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде бүгін ине шаншар жер қалмады. Жиынға Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. 

Демалыс екендігіне қарамастан, «Сарыарқа» сарайында «Нұр Отан» партиясының кезекті жеңісін тойламаққа жиналған халықтың санында есеп жоқ. Қазақстан халқы осыдан бір жыл бұрын президенттік сайлауда ынтымақтың керемет үлгісін көрсетсе, осы жолы да белсенділігімен, бірлігімен көпті таң қалдырды. Бұл туралы сайлауды бақылауға келген халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ таңдана жазып хабар таратып жатыр. Нұротандықтардың өздері осы жолғы сайлауды халықтың ынтымағын шыңдаған сын болды деп баға берді.

Бақытгүл Хаменова, Каспий өңірі заманауи колледжінің директоры, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі:

Қазақ жұрты өзінің келешегі мен болашағы, ұрпағының алаңсыз болашағы үшін өз таңдауын жасады. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясы халықтың ілгерілеген ілкімді істердің, толғамды ойлардың партиясы тағы бір мәрте өзінің елдің алдында абыройы мен беделін асқақтатты деуге болады. Сондықтан да бұл жеңіс елдің жеңісі деп нақты мәлімет беруге болады.

Бұл жеңістің астарында абырой, бедел, қуаныш пен қатар зор жауапкершілік жатыр. Мұны экс-депутат Зағипа Балиева жете түсінеді. Нұр Отанның жеңісі кезекті шыңды бағындыру ғана емес, бастаған ауқымды шараларды аяғына жеткізуге берілген мүмкіндік, халықтың берген мүмкіндігі деп біледі Зағипа Яхянқызы.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылым депутаты:

100 қадам бағдарламасы және «Қазақстан 2050, 2030», «Нұрлы жол» - барлығын іске асыру керек. Сондықтан барлық бағдарламаларда берілген уәдені міндетті түрде орындау керек. Соған қазір атсалысып, бәріміз алтау болмай, төртеу түгел соны істейміз.

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Ел сондай бір эйфория, шалқу үстінде. Бұл үлкен жауапкершілік түсінген адамға. Атан тартпас зор жауапкершіліктің ауыр жүгін нұротандықтар тарих алдында, мемлекет алдында, ұрпақ алдында құнын түсініп, осы жауапкершілікті аяғына дейін жеткізуге тырысады деп ойлаймын.

Күні кеше көрсетілген белсенділік пен бірлікті Мемлекет басшысы қазақ халқының ерекшелігі деп таныды. Президент партияға қолдау білдірген халқы мен сайлауалды ауқымды шараларды атқарған жақтастарына алғыс айтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы:

Бұрын-соңды болмаған белсенділік 77 пайыздан артық халық келіп, 82 пайызы біздің елімізге, біздің «Нұр Отанға» дауыс бергені - өте үлкен қолдау, сенім, сол сенімді ақтау үшін бәріміз жұмыс істеуіміз керек.

Алдағы уақытта жұмыла отырып атқарылатын жұмыстың ақ батасын да Мемлекет басшысының өзі берді. Сан түрлі ұлттар мен дін өкілдері жиналған салтанатты шарада мұсылманша алақан жайып сұрағаны да халықтың бірлігі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы:

Наурыз күні берген бата ақжолтай болады дейді. Сендерге, жастарға, менің беретін батам, айтатын аманатым Отанды сақтап, тәуелсіздікті құрметтеп, қасық қандарың қалғанша,  құрметтеп, сақтай білу. Екінші, Қазақстанның бірлігін сақтап, ешкімді ренжітпей, сендерді де ренжітпей, аман-есен болып, Алла тағалам сіздерге зор денсаулық берсін!

Азамат АЛДОҢҒАРОВ