$446.56 €512.34 ₽5.3
×

Мешіт маңында жарылыс болып, 16 адам қаза тапты

Мешіт маңында жарылыс болып, 16 адам қаза тапты
Фото: freepik

Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында жұма намазы кезінде мешіт маңында қуатты жарылыс болды. Оқиға салдарынан кемінде 16 адам қаза тауып, 50-ден астамы жарақат алды, деп хабарлайды AstanaTV.

Жарылыс Кохат ауданындағы полиция басқармасы кешенінің кіреберісінде орналасқан мешіттің маңында болған. Провинция полициясының басшысы Зульфикар Хамидтің мәліметінше, мешіт жанында жарылғыш зат тиелген көлік жарылған.

Осыдан кейін қарулы адамдар мен қауіпсіздік күштері арасында атыс басталған. Қақтығыс кезінде полиция басқармасы аумағында тағы бір жарылыс болған.

Полицияның хабарлауынша, атыс барысында алты содырдың көзі жойылған. Олардың арасында мерген мен жанкешті болған.

Шабуылдан кемінде 16 адам қаза тапты. Қаза болғандардың бесеуі – полиция қызметкері. Бұдан бөлек, 50-ден астам адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Жарылыстың күшті болғаны соншалық, мешіт маңында үлкен шұңқыр пайда болып, ғимараттың сыртқы бөлігіне зақым келген. Қабырғалардың бірі опырылып құлаған.

Кохат аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Тахир Али Шахтың айтуынша, қазір 50-ден астам зардап шегуші медициналық көмек алып жатыр.