Алдын ала мәлімет бойынша, автобус бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кеткен, деп хабарлайды AstanaTV.
Алматыда жолаушылар автобусы мен Toyota Highlander көлігі соқтығысып, тоғыз адам медициналық көмекке жүгінді. Жол апаты Төле би даңғылы мен Жұмалиев көшесінің қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, №201 бағытындағы автобус Төле би даңғылымен батыс бағытта келе жатқан. Сол уақытта Toyota Highlander Жұмалиев көшесімен оңтүстікке қарай қозғалған.
Қиылыста көліктер соқтығысқан. Алдын ала мәліметке қарағанда, автобус бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кетуі мүмкін.
Жол апатынан кейін оқиға орнына бірнеше жедел жәрдем бригадасы мен патрульдік экипаждар келген. Медициналық көмекке тоғыз адам жүгінген. Олардың жағдайы әзірге айтылған жоқ.
Полиция алғашқы шараларды жүргізіп, бірқатар сараптама, оның ішінде автотехникалық сараптама тағайындады.
Мамандар оқиғаның қалай өрбігенін анықтап, жол апатының мән-жайын және әр қатысушының жауапкершілік дәрежесін белгілеуі тиіс.