$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте мотор майын шығаратын зауытта жарылыс болып, бір адам қайтыс болды

AstanaTV
21.12.2016ж. 20:00
2841
Шымкентте мотор майын шығаратын зауытта жарылыс болып, бір адам қайтыс болды

Шымкенттегі индустриалды аймақта оқыс жағдай тіркелді. Мотор майын шығаратын зауыт аумағында көлік жарылып, бір адам қаза тапқан. Тағы екеуі ауыр дене жарақатымен жансақтау бөлімінде жатыр. Тілсіз жаудың тұтануына не себеп болғанын Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мотор майын шығаратын зауыт аумағындағы газды ауа қоспасының жарылысы кеше кешкі сегіздер шамасында орын алған. Оқиға орнында жұмыс істеген төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің айтуынша, оқыс жағдай цистернаға техникалық майды құю кезінде орын алған.

Салдарынан май құю стансасының 25 жастағы операторы оқиға орнында қаза тапты. 31 жастағы тағы бір жұмысшы мен жүк көлігінің жүргізушісі күйіп қалған. Олар облыстық жоғарғы қысымды оттегімен емдеу орталығына ауыр жағдайда жеткізілді.

Икрам Төлеев, облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Әзір науқастар күйік шогында. Реанимация бөлімшесінде қарқынды терапия алып жатыр. Әсіресе 95 пайыз күйік алған науқастың жағдайы өте ауыр. Өзінің қан қысымын өзі ұстауы өте қиын. Сондықтан оны дәрі-дәрмектің күшімен ғана артериялық қан қысымы ұсталып тұр.

Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің мәліметінше, 72 шаршы метрдей аумаққа техникалық май төгілген. Қайғылы апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Тек бірнеше болжам ғана бар.

Нұрдәулет Молданиязов, ОҚО ТЖД бас маманы:

Сол жердің қызметкерлері темекі шегуі мүмкін май төгілгеннен кейін. Немесе сол жерде ақаусыз болған электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Немесе отты абайсызда түсіріп немесе жағу, абайсыз қолдану - сол себептерден болуы мүмкін.

Қазір бұл іспен Еңбекші аудандық полиция бөлімі айналысып жатыр.

Салтанат Қаракөзова,  ОҚО ІІД ресми өкілі:

Оқиғаға байланысты ҚР ҚК 156 бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол «еңбек қорғау ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

Ал зауыт басшыларының пайымы басқа. Телефон арқылы берген сұқбатында олар оқыс жағдай көлікті тексеру кезінде болғанын мәлімдеді.

Екатерина Тараруева,  «Hill Corporation» ЖШС құқықтық қамтамасыз ету бойынша атқарушы директоры:

Барлығы эстакадаға кірер жолда, өнімге сараптама жасайтын орында болды. Сол сәтте автокөлік тексеріліп, оператор техникалық байқау жасап жүрген. Зардап шеккендер мен қайтыс болған жұмысшының отбасына материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Барлығы еңбек заңнамасына сәйкес атқарылады. Жұмыс беруші сақтандырылған. Сондықтан сақтандыру төлемақысы жасалады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Белгілі болғанындай, ауруханаға түскен екі адамның бірі 49 жастағы көлік жүргізушісі өзге мекеменің, яғни  логистикалық компанияның жұмысшысы екен. Ал жұмыс орнында жан тапсырған 25 жастағы оператор жігіт сол зауытта 2012 жылдан бері еңбек етіп келіпті. Оның әріптесі 31 жастағы оператордың халі тым ауыр,  дейді дәрігерлер.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ