$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Өңірлер әлі күнге дейін ерте пісетін көкөністерді жеткізуге форвардтық шарттар ұсынған жоқ", - вице-министр

10.01.2024ж. 20:00
597
"Өңірлер әлі күнге дейін ерте пісетін көкөністерді жеткізуге форвардтық шарттар ұсынған жоқ", - вице-министр

Таксистер табысын жасыра алмайтынын айтты. Енді салық төлеу үшін құнын көтеретіні бесенеден белгілі. Бұл факторлар базар бағамына әсер етпей ме? Тұрақтандыру қорлары қандай қадам жасап жатыр? Толығырақ экономика топтасында.

Азық-түлік бағасын ретсіз өсірмеуді үкімет бақылауында ұстап отыр. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге басымдық беріледі. Аймақтар айналым схемасы шеңберінде және тұрақтандыру қорлары арқылы жұмыс істеп жатыр. Көктемге қарай көкөністің бағасы шарықтап шыға келетіні белгілі. Оған жол бермеу мақсатында өткен жылдың 1 тамызынан бастап ерте жиналатын егінді жеткізуге арналған форвардтық келісім шарттар жасау қажет. Бірақ әлі күнге ұсыныс бермеген өңірлер бар екен. Жалпы жазға дейін көкөністің қоры жеткілікті.

174 мың 100 тонна көлемінде көкөніс жиналған. Оның 100 мың 600 тоннасы картоп, 25 мың 600 тоннасы пияз, 22мың 600 тоннасы қырыққабат және 25 мың 100 тоннасы сәбіз. Сондай-ақ Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында 25 мың 700 тонна ұн қоры бар. Оның ішінде 14мың 100 тонна тұрақтандыру қорларында, 11мың 500 тоннасы айналым схемасы шеңберінде.

Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді. Азық-түлікке жұмсайтын қаржысының 17 пайызына ет өнімдерін алады. Жетісу, Атырау, Ақмола облыстары көп тұтынады. Ал Шымкент қаласы етті аз жейді екен. Осындайда етті қасқыр емес, қазақ көп жейді деген әзіл еске түседі. Сондай-ақ, тұрғындар нан мен жарма өнімдеріне 7,8 процент қаржы жұмсайды. Мамандар аз қамтылған халықтың 10 пайызы мен жағдайы жақсы, бай бақуатты халықтың 10 процентінің ішіп жемін салыстырыпты. Аз қамтылған отбасылар балық пен теңіз өнімдерін 4,2 есе, Сүт пен сүт өнімдерін 3,5 есе, ет өнімдерін 3,4 есе аз тұтынған.

Елордада үй бағасы арзандады. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында қайталама нарықтағы баспана құны 6 жылда алғаш рет 5,3 пайызға төмендеді. Соның өзінде 2020 жылмен салыстырғанда 50 процентке қымбат. Ал республика бойынша жаңа үйлердің бағасы 6,7 пайызға көтерілген. Қайталама нарық құны 1,8 процентке, жалға алу бағасы 16 пайызға көтерілген. Сарапшылар баспана бағасы алдағы уақытта тағы да қымбаттай түседі дейді.

Айбар ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Бізде 2023 жылы үйлердің салынуы бәсеңдеген. Өйткені, баяғыдағыдай инвестиция жоқ. Құрылыс компаниялары үйлерін салардың алдында ойланады. Бұны кейін өткізе аламыз ба деп. Сондықтан оларда жаңа жобалар болса ойланып, 10 салатын болса 2 үй салып жоспарларын қысқартуда. Жаңадан салынған үйлер нарығында тек қана бағаның өсуінің бәсеңдеуін байқауға болады. Баға өсуінің тоқтауы немесе кері кетуі 2024 жылдың ортасына дейін орын алмайды.