Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Майқайыңдағы үйлердің асты шахта ма?

17.01.2024ж. 20:00
603
Майқайыңдағы үйлердің асты шахта ма?

Павлодарда шахта астында қалған екі құтқарушы әлі табылмады. Екі аптадан бергі іздеу жұмыстары нәтиже бермей тұр. Ал шахта маңындағы үй тұрғындары баспанамыз опырылып кете ме - деп қауіптеніп отыр. Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

«Майқайың алтын» шахтасында құтқарушылар мінген автобус опырылған жерге құлап кеткен болатын. Салдарынан көлік ішіндегі 4 азаматтың екеуі қаза тапты. Ал тағы екеуін табу мүмкін болмай тұр. Тереңдігі 66 метр болатын шұңқырдан автобусты аршып алу қиындық тудырған. Ал денесі жер астында қалған құтқарушылардың туыстары іздеу жұмысына көңілі толмайды.

Әлібай ҚАНКИН, ЖОҒАЛҒАН ҚҰТҚАРУШЫНЫҢ ӘКЕСІ:

Менің баламды тауып берсін.Басқа ештеңе сұрап тұрған жоқ бұлардан. Менің жағдайымды ешкімнің басына бермесін.

Нұрбақыт Сансызбай, ЖОҒАЛҒАН ҚҰТҚАРУШЫНЫҢ ТУЫСЫ:

Мынау енді масқара ғой. 66 метр жерге жете алмау деген. Апталдай екі азамат жатыр. Бауырымыздың 5 баласы бар кәмелетке толмаған. Қан жылап, әкесі мен шешесі отыр.

Шұңқырға түсіп кеткен автобустағы 2 адам тірі болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, оң болжам бар. Бірақ әзірге нақты күні мен уақытын айта алмаймыз. Жағдай күрделі, мұндай операция бұрын болмаған дейді.

Бауыржан СЫЗДЫҚОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құтқарушыларымыз бен мамандар өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Күн суық. Құтқарушылардың да өміріне қауіп төніп тұр. Себебі, топырақ жылжыса, ондағы жұмыс істеп жатқан техника жерге түсіп кетуі мүмкін. Барлық қауіпсіздік сақталып жатыр. Автобус жатқан ықтимал жерге жақындадық. 2 мың текше метр топырақ шығарылды. Енді эскалатор жұмыс істеп, ақырын топырақты шығарып жатырмыз.

Бұл жағдай Майқайың кентінің тұрғындарын дүр сілкіндірді. Енді олар үйіміз опырылып кете ме деп қауіптеніп отыр. Өйткені, баспаналар шахтаға тым жақын орналасқан. Бар-жоғы 500 метр ғана. Ал мұнда 100-ге жуық үй бар.

Кәжен СЫНҒАДОЛЛАҚЫЗЫ, МАЙҚАЙЫҢ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мынау деген не? Қорқынышта үрейде отырмыз. Үй деген жарылып тұр. Дүңкілдесе сылақ деген түсіп тұр. 6 бірдей балам бар квартира жалдам алайын десем. Қыс ішінде қайда барарымды білмей отырмын.

Махаббат ӘБСАТАРОВА, МАЙҚАЙЫҢ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тұруға невозможно. Аралары жарылған. Төбемізден топырақ атады.Қыстың күні тұрмаймын. Жаздыгүні келем. Енді қазір тағы сөйттім.

«Шанхай» аталып кеткен шағын аудан халқының мәселесі бүгін Парламентте көтерілді. Депутат Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, опырылған жерде бұрын шахта болған. Алайда, оны ешкім ескертпепті. Сондықтан қараша халықты көшіру керек - дейді халық қалаулысы.

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет. Елімізідің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға заң жүзінде қатаң шаралар қолданылып ескерту жасалуы қажет. Орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға Прокуратура әділетті бағасын беруі қажет.

Кентте 10 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 1 мыңы осы «Майқайың алтын» шахтасында жұмыс істейді. Бірақ, осы кезге дейін кәсіпорын жұмысшыларына ешқашан үй салмапты. Тіпті, балалар алаңын да тұрғызбаған. Акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр елінде орналасқан компанияға тиесілі.