$458.13 €502.29 ₽5.58

SpaceX ғарышқа миллион спутник ұшыруға рұқсат алды

SpaceX ғарышқа миллион спутник ұшыруға рұқсат алды
Фото: BILD

АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) Илон Масктың SpaceX компаниясына орбитаға бір миллионға дейін спутник шығаруға рұқсат берді

Олар жасанды интеллект жүйелерінің есептеу жұмыстарын атқаратын ғарыштағы деректер орталықтарына айналмақ. Жоба Starmind деп аталады, деп хабарлайды Astana TV BILD агенттігіне сілтеме жасап. 

Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін Starlink спутниктерінен айырмашылығы, Starmind аппараттары деректерді тікелей өңдейді. Оларды қажетті энергиямен күн панельдері қамтамасыз етеді. Ал спутниктердің өзара байланысы мен өңделген деректерді Жерге жеткізу лазерлік арналар және Starlink желісі арқылы жүзеге асады. Масктың жоспары бойынша, бұл энергияны көп қажет ететін есептеу жұмыстарын жердегі деректер орталықтарынан ғарышқа көшіруге мүмкіндік береді.

SpaceX алғашқы спутниктерін 2033 жылдың қарашасынан кешіктірмей іске қосуы тиіс. 2035 жылдың қарашасына дейін орбитада кемінде 100 мың аппарат болуы керек. Ал 2038 жылдың қарашасына қарай рұқсат етілген жалпы санның жартысы орналастырылуға тиіс. Жерсеріктер тобын толық жасақтау 2040 жылға дейін аяқталуы мүмкін.

Алайда бұл жоба ғалымдар мен ғарыш саласының мамандары арасында бірқатар күрделі сұрақ туғызып отыр. Деректер орталықтарының жұмыс істеуі үшін алып күн панельдері мен күрделі салқындату жүйелері қажет. Себебі ғарыш вакуумында жылуды әдеттегі тәсілмен сыртқа шығару мүмкін емес. Бұған қоса, спутниктер санының артуы олардың соқтығысу қаупін күшейтіп, өзге ғарыш аппараттарына зақым келтіруі мүмкін жаңа ғарыш қоқыстарының пайда болуына әкеледі.

Астрофизик Адам Бекер бұл жобаны техникалық тұрғыдан жүзеге асыру мүмкіндігіне күмән келтіреді. Оның айтуынша, соқтығыстар тізбекті реакцияға ұласуы ықтимал. Бұл құбылыс Кесслер синдромы деп аталады.

Еуропалық ғарыш агенттігінің мәліметінше, қазір Жер орбитасында шамамен 15,8 мың жұмыс істеп тұрған спутник бар. Мыңдаған ғарыш аппараты істен шыққан. Ал ғарыш қоқыстары мен зымыран бөлшектерін қоса есептегенде, бақылаудағы нысандардың жалпы саны 47 мыңнан асады.