$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шыршаны заңсыз отап, пиротехниканы сататындар қатары азаяр емес

AstanaTV
27.12.2016ж. 20:00
4378
Шыршаны заңсыз отап, пиротехниканы сататындар қатары азаяр емес

Жаңа жыл жақындаған сайын шырша мен пиротехникалар саудасы қыза түседі. Бірақ мерекелік атрибуттарды сатуға келгенде, жылда қайталанатын заңдылық бар. Тауарды тиісті құжатсыз саудалау азаймай тұр,- дейді тәртіп сақшылары. Мәселен, Павлодар облысында шыршаны белгіленбеген жерде сатқан 6 дерек тіркелген. Ал қызылордалық сатушыларда екі жүзге жуық тауар арнайы рұқсаты болмағандықтан, сатылымнан алынған.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жаңа жыл жақындаған сайын шырша сатылымы қыза түскен. Сатушылардың айтуынша, жасыл желектердің құны 3 мың теңгеден 10 мың теңгенің аралығында. Оның өзі ағаштың түрі мен ұзындығына қарай бөлінетін көрінеді.

Желектер сатылып жатқан аумаққа келушілердің қарасы қалың. Бұған қарап  тұрғындардың жасанды өнімге емес, табиғи шыршаны таңдайтынын байқауға болады. Сатушылардың сөзінше, күнінде 15-20 ағаш еркін саудаланады. Алдағы берер күнде бұл көрсеткіштің ұлғаятынына сенімді.

Азамат Жаңабердинов:

Павлодарлықтар қарағайды жақсы алады. Одан кейін шыршаға деген сұраныс жоғары. Самырсынды сұрайтындар бар. Бірақ ол қымбатырақ. Десе де, өтіп жатыр.

-Ваши привезенные откуда? - С России. С Кургана.

Павлодарда желтоқсанның 12 мен 31 аралығында «Шырша» шұғыл шарасы өткізіліп жатыр. Акция барысында тәртіп сақшылары желекті белгіленбеген жерде саудалаған 6 деректі анықтаған. Әзірге заңсыз отау дәйегі тіркелмепті. Дегенмен, полицейлер тексеру жұмысын күшейтуді көздеп отыр. Елді мекенге кіре берісте көліктер тоқтатылып, тінтіліп жатыр.

Азамат Исеев, Павлодар облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы:

Заңсыз шырша сатқандар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Немесе заңды білмегендігі үшін алдымен ескерту алады. Және белгіленбеген жерлерде сауда-саттықпен айналысуға болмайды. Қазір саудаланып жатқан шыршалардың дені Ресейден әкелінген желектер.

Осы заттарды сатуға сіздің құжаттарыңыз бар ма?

Қызылорда облысында «Пиротехника» іс-шарасы басталған. Нәтижесінде саудадан 198 әр көлемдегі пиротехникалық зат тәркіленіп, 11 хаттама толтырылыпты.

Рұслан Малдыбаев  Қызылорда облысы ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:

Тек қана сертификаты бар пиротехникалық өнімдерді арнайы мамандырылған орындарда сатуы қажеттігі қатан ескертілді. Учаскелік полиция инспекторларымен тәркелінген заттар бойынша хаттамалар толтырылып, тәркілеу жұмыстары жүргізілуде.

Сақшылар, дұрыс пайдаланылмаса, отшашудан зардап шегу қаупі жоғары екендігін ескертеді. Сондықтан саудагерлер тауарды сатпас бұрын, тұтынушыларды пайдалану инструкциясымен таныстыруға міндетті.

Қалмұрат Рахматуллаев, Қызылорда облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығынын орынбасары:

Алаңда атып тұрған бала, қай бағытта ату керектігін білмей, қасында тұрған баланың бетіне қарай атып, беті күйіп қалып, сондай оқиға болған. Және де сол пиротехниканың сапасының жоқтығы кесірінен баланың өзінің қолында жарылып, қолы күйіп қалып, сондай келеңсіз жағдайлар болған.

Талап бойынша, сатушылардың қолында пиротехникаға арнайы сертификаты болуы қажет. Құжат болмаған жағдайда отшашулар тәркіленеді,-дейді тәртіп сақшылары. Бүгінде барлық сауда орындары мен базарларда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Шарипа САҚТАПОВА