Атыраулық балықшылар министрліктің бұйрығына қарсы шықты. Айтуларынша, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұл құжаты балық кооперативтерінің табысын төмендетіп қана қоймай, жұмысының тоқтауына әкелуі мүмкін. Бұйрықта ауланған балықтың 90 пайызын өңдеп, 10 пайызын ғана экспортқа жіберуі туралы айтылады. Балықшылар неге дүрлікті? Жауапты мамандар не дейді? Тілшіміз баяндайды.
«Өңделмеген балықтың жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым салу туралы» бұйрығы балықшылардың бас ауруына айналды. Олар өңделген балыққа елімізде де, шет мемлекеттерде де сұраныс аз екенін айтады. Сондықтан бұл пәрмен өздері әрең күн көріп отырған кооперативтердің жолын жауып, тынысын тарылтады,- дейді.
Асқар ҒАЛЫМОВ, БАЛЫҚ КООПЕРАТИВІНІҢ БАСШЫСЫ:
Балық шаруашылығын жүргізуге арналған келісім-шарт бойынша 12 процент балықты өңдеп жіберіп отырмыз. Былтырдың өзінде 140 тоннадай өңдеп жібердік. Соның өзін бір өте қиындықпен жасадық. Себебі өңделген балықтың өтуі нашар. Себебі қазіргі уақытта сұраныс тірі балыққа, замороженный балыққа болып тұр.
Анель КӨШӘЛИЕВА, БАЛЫҚ КООПЕРАТИВІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің мекемеде 30-ға жуық қызметкер штаттық режимде еңбек етуде. Одан бөлек 500-ге жуық маусымдық жұмысшымыз бар. Олардың отбасылары бар. 1 отбасында 3-5 адам деп есептесек, барлығы 2500-ге жуық адам бар. Егер шаруашылығымыз жабылып қалса, онда осы адамдар жұмыссыз қалады.
Бұл бұйрық елімізде балық өңдейтін кәсіпорындардың көбеюіне әкеледі,- дейді кейбір ірі кооператив өкілдері.
Саламат ОМАРОВ, БАЛЫҚ КООПЕРАТИВІНІҢ ӨКІЛІ:
Технологтар қазір бізде жетіспеушілік болып тұр және де басқа да көптеген мамандықтар жетіспеушілік болып тұр. Сол балықтың емес, балықты өңдейтін мекемелердің болмауының әсерінен деп ойлаймын.
Көксерке мен жайынды өңделмеген күйінде экспорттауға былтыр алты айға тыйым салған. Биыл соны ұзартыпты. Ал өзге балықтарды экспорттау мәселесіне қатысты әзірге нақты шешім жоқ.
Ләззат КЕНЖЕҒАЛИЕВА, «ЖАЙЫҚ-КАСПИЙ» ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАССЕЙІНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Комиссия құрылып, қарагөз, алабұға, шортан, табан, сазан, тұқы балықтарына тыйым салу мәселесі комиссия жұмысынан кейін шешілетін болады. Яғни, қазіргі таңда қарагөз, алабұқа, шортан, табан, сазан, тұқы балықтарына тыйым салынды деген құжатқа мөр басылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Даулы бұйырыққа түсінік берген мамандар әзірге еш дүрлікпей, комиссия шешімін күтуге кеңес берді.