$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мәжіліс депутаттары қостанайлық қариялармен кездесті

AstanaTV
09.01.2017ж. 20:00
2829
Мәжіліс депутаттары қостанайлық қариялармен кездесті

Қарттар ұйымына қаражат қажет. Тобыл өңірінің ақсақалдары бүгін Мәжіліс депутаттарына осындай өтініш-тілек білдірді. Тобыл өңіріне ат басын тіреген халық қалаулылары әуелі аймақтың ақсақалдарымен кездесті. Депутаттар жиналғандарға былтыр қабылданған заң жобалары мен өзгерістер туралы айтты. Ал бүгінгі көтерген мәселені міндетті түрде жоғары мінберге жеткіземіз деп сендірді.

Кенжебек Үкіұлы, Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Негізгі мәселеміз - біздің ұйым жөнінде. Біздің ұйымды мемлекеттік емес ұйымдарға қосып тастаған. Сондықтан жергілікті жер, жалпы бюджет қаржыландыра алмайды. Осы мәселені соңғы 7-8 жылда көтеріп келеміз. Егер де, бізді мемлекетік ұйымнан шығаратын болса, заңға кішкене ғана өзгеріс енгізетін болса, бізді жергілікті бюджет қаржыландырар еді.

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Парламенттің төменгі палатасы 39 заң жобасын әзірлесе, соның 19-на президент  қол қойды. Біздің мақсат - сол заң жобаларының мазмұнын түсіндіру, кейбір тұстарын талқыға салу. Себебі кез-келген сәтте толықтырулар мен өзгерістер енгізуге мүмкіндік бар.

Сапар барысында мәжілісмендер «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан нысандарды аралады. Соның бірі - мемлекеттік университет жанынан құрылған ғылыми-инновациялық орталық. Озық технологиямен жабдықталған орталыққа былтыр үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша  240 миллион теңге бөлінген. Игі жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін қосымша қаражат қажет, - дейді қостанайлық ғалымдар.

Сәбит Қақанов, ғылыми-инновациялық орталық басшысы:

Ең өзекті мәселенің бірі - қаржыландыру. Өйткені біз былтыр 240 миллион теңгеге құрал-жабдық алдық. Замануи құрылғылар. Енді оның ары қарай жұмыс істеуі үшін бізге базалық қаржыландыру қажет. Мүмкін, мемлекеттік деңгейде, депуттатық деңгейде бір көмегі тиер.