Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Оралда апатты үйлер азаяр емес

AstanaTV
12.01.2017ж. 20:00
3647
Оралда апатты үйлер азаяр емес

Оралдағы апатты үй тұрғындарына мемлекеттен ешқандай көмек көрсетілмейді. Бұл туралы әкімдік өкілдері айтты. Қалада апатты жағдайдағы 40 үй бар. Ал Қызылордада тығырықтан шығудың жолы табылған. Еркін Карин апатты үйлердің мәселесіне үңіліп көрді.

95 жастағы тыл еңбеккері Лидия Подгорнова осылай күйінеді. Өйткені ғасыр жарым тарихы бар қария тұратын бұл үй өткен ғасырда қалған тәрізді. Қаланың қақ ортасындағы ғимаратқа әлі күнге әжетхана түгілі, су мен газ да өтпеген.

Еркін Карин, тілші:

Көмектен күдер үзген тұрғындар қазір екінші қабаттағы баспалдағын өздері салып алған. Бірақ содан бері он жыл өтіпті, бұл баспалдақтың да әбден тозығы жеткен. Бір-бірлеп өткізіп кезек күтпесе, мына баспалдақтың опырылып кетуі әбден мүмкін.

Бұл үй осыдан алты жыл бұрын апатты деп танылған. Бірақ үйдің астыңғы қабатынан дәмхана, дүкен ашқан кәсіпкерлер мұнымен келіспейді. Олардың сөзінше, бұл ғимарат әлі бір ғасыр тұруға жарамды. Сондықтан үйді апатты емес деп кері сотқа беріпті.

Марат Қазыкенов, кәсіпкер:

Осыдан он жыл бұрын үйдің астыңғы қабатын сатып алдық. Оны жөндеп, ретке келтіруге қыруар қаржымды жұмсадым. Сондықтан үйді жарамсыз деп танып, бұзуға қарсымын.

Оралдағы апатты жағдайдағы үйлердің көбі өткен ғасырда және кеңес үкіметі кезінде салынған. Кей ғимараттар сәулет ескерткіштері ретінде мемлекет қорғауына да алыныпты. Бірақ мемлекет қорғауы деген аты ғана.

Ерлан Орынбасаров, БҚО тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы:

ҚР заңына сәйкес жекеменшік иесі өз қаражатына өз үйін ұстап тұруы керек. Сол себепті мемлекет тарапынан бұл жерде ешқандай көмек бере алады деп айта алмаймыз.

Оралдықтар осылай мұңын шақса, Қызылордада апатты үйлердің саны азайып келеді. Үш жылдың ішінде 25 үйдің жүздеген тұрғыны жаңа баспаналы болыпты. Бірақ апатты деп танылған тағы 30 үй бар.

Марсбек Молдабаев Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:


Биыл тағы 2 көпқабатты алпыс пәтерлік үй салу жоспарланып отыр. Бұл үйлердің апаттық жағдайы, біріншіден, тиісті орындармен апаттық жағдайда деп нақты қорытындымен анықталуы керек. Содан кейін оңда тұрған азаматтар, сол тұрғын үй пәтер иелері өзінің тиісті құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы апаттық жағдайда танылған деп кезекке қойылады. Біздің қала әкімшілігінің қатаң бақылауында тұр.

Ал кейбір апатты үйлерді жөндеуге жанашыр кәсіпкерлер көмек қолын созған. Ал бұл оралдық кәсіпкерлер үшін ойланарлық жағдай болып тұр.

Еркін КАРИН, Шарипа САҚТАПОВА