Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Президент ҚТЖ мен Қытайдың Huawei компаниясы бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталықты ашты

28.02.2024ж. 20:00
459
Президент ҚТЖ мен Қытайдың Huawei компаниясы бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталықты ашты

«Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан темір жолы мен Қытайдың Huawei компаниясы бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталықты ашты. Тараптар шараға телекөпір арқылы қатысты. Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Инновациялық орталық «Ақылды темір жол» жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған. Ол өз кезегінде теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттырады. Жобада цифрлық шешімдерге басымдық берілген. Оған IT және телекоммуникация салаларындағы әлемнің жетекші компаниялары тартылған. Шараға қатысқан президент мұндай орталықтарды ашудың маңызы зор деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген мамандары атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін.
Президент Қазақстанды Еуразияның негізгі транзит хабына айналдыру мақсатында қабылданып жатқан кешенді шараларды оң бағалады. Бұл ретте Мемлекет басшысы шын мәнінде бәсекеге қабілетті болу үшін заман талабына сай инновациялық шешімдер қабылдаған жөн деп санайды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың барлық саласын цифрландыру мәселесіне айрықша мән бердім. Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларға атсалысып жатқан шетелдік компанияларға алғыс білдірді. Бас қосуда серіктес елдің компания басшылары да сөз сөйледі. Кездесуден соң президент теміржол саласының ардагерлерімен жолықты. Мемлекет басшысы аталған салада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мамандармен теміржолдың даму перспективасы жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Еңбектеріңізді бағалаймын. Ең бастысы, сіздердің қызметтеріңізді қоғам айрықша құрметтейді. Сіздер мол тәжірибелеріңізге сүйене отырып, тиісті министрлік пен теміржол басшыларына ұсыныстар мен құнды кеңес бересіздер деп сенемін. Сондықтан бірге жұмыс істеуіміз керек.
Өз кезегінде ардагерлер теміржол саласында кадр мәселесі көп нәрсені шешетінін айтты. Олардың пікірінше, темірдей тәртіп, еңбекқорлық, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын кәсібиліктің арқасында теміржолшылар өздеріне жүктелген міндетті орындап келе жатыр деді. Ардагерлер мемлекет басшысына шойынжол қызметкерінің қолшамын тарту етті.