Тұсау кесу, бесік той. Қыз ұзату, беташар. Көрісу күні – амал мерекесінде Қостанай облысы орталығындағы мәдени ошақтар көпшілікке ұлттық салт дәстүрден көріністер қойды. Жеке киіз үй тігіп, ұлттық тағамға толы дастархан жайды.
Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған амал мерекесіне зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары жиналды. Көпшілік бір-бірімен қауышып, жаңа жылға жақсы тілектерін жаудырды.
Серікбай ОСПАНОВ АҚЫН, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл енді қыстан аман шықтық, жаратқанға рахмет, адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тиді деп, жақсылық, аманшылық тілеу. Соған қуану, шаттану.
Қыдырбек ҚИЫСХАН, ТАРИХШЫ:
Отпантаудан басталса да осы Қазақстанның кең жазиралы жерінде тарап, бірнеше жылдан бері кең көлемде атап келе жатырмыз. Міне соның бір көрінісі Қостанай жері, Тобыл-Торғай өңірінде соңғы жылдары осы Амал мерекесіне ерекше мән беріліп, бір-бірімізбен қауышып, көрісуді үлкен үрдіске айналдырып алдық.
Өнер ұжымдары ұйымдастырған мерекелік шара жалғасын табады.Кезекті білім ордалары іліп әкетпек. Наурыз мейрамына арналған он күндік бағдарлама облыстың түкпір-түкпірінде өз деңгейінде өткізіледі.
Ринат МҰХАМЕТҚАЛИ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүкіл облыста,қазір жан-жақта өңір-өңірде шаралар жасап жатырмыз. Осы шаралар лек-легімен өтіп,ең соңында 22-23 наурызда әр қала мен аудан орталық алаңдарында үлкен мерекемен аяқталатын болады.
Он күндік бағдарлама шеңберінде балалар үйінде қайырымдылық шарасы өткізіліп, оларға жазғы лагерьге жолдама беріледі.Қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, жиналған көпшілік наурыз көженің дәмін татады. Үлгілі отбасыларға құрмет көрсетіледі.Өңірге танымал тұлғалардың қатысуымен ұлттық киім челленджі болады. Ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылмақ.