Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті

AstanaTV
03.04.2024ж. 12:26
357
Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті. Бұл туралы Akorda.kz хабарлады.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитіне дайындық жүріп жатқанын айтып, аталған шараның еліміз үшін мәні зор екеніне назар аударды.

Президент ШЫҰ кеңістігіндегі ұжымдық қауіпсіздіктің рөлі артып келе жатқанын ескере отырып, ұйымға мүше елдердің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесулері айрықша өзекті екенін атап өтті.

– Өткен жылы әлемде өңірлік және жергілікті деңгейде 183 қақтығыс орын алды. Жанжалдардың саны шамамен 30 пайызға артқан. Бұл – соңғы отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар қақтығыстар мен зорлық-зомбылық әрекеттерінің жаһандық циклы белең алып келе жатыр деп санайды. Осы ретте халықаралық терроризмнен де төнетін қауіп күшейіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, таяуда көптеген бейбіт тұрғынның өмірін жалмаған Мәскеу облысындағы қайғылы оқиға лаңкестердің зорлық-зомбылықтың ең қатігез әрі зұлым тәсілдерін қолданатынын көрсетті.

– Қазақстан лаңкестік әрекетті қатаң айыптайтынын бірден мәлімдеді және Ресеймен бірге екенін білдірді. Екі елдің арнаулы қызметтері терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұдайы байланыста. Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті бүкіл әлем, соның ішінде бүгін өздеріңіз өкілі ретінде келіп отырған елдер де қатаң айыптады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі кінәлілердің бәрін жауапқа тарту қажет екенін, сондай-ақ терроризммен күрес мәселесінде халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ең бастысы, болған істен дұрыс қорытынды шығарып, нақты шаралар қабылдау керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, террорлық қауіп-қатерлерге лайықты төтеп беруге тиіспіз, - деді Қазақстан Президенті.