Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстандық көмір өндіруші кәсіпорындар ресейлік теңіз порттарының қызметіне қол жеткізе алмай отыр

AstanaTV
24.01.2017ж. 20:00
2577
Қазақстандық көмір өндіруші кәсіпорындар ресейлік теңіз порттарының қызметіне қол жеткізе алмай отыр

Қазақстандық көмір өндіруші кәсіпорындар ресейлік теңіз порттарының қызметіне қол жеткізе алмай отыр. Салдарынан қара отын тасымалы қиындаған. Үкімет отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деді. Оның айтуынша, Ресей электростанциялары қазақстандық көмірден Кузнецк көміріне ауыстырылып жатыр. Ал энергетикалық станциялардың бір бөлігі табиғи газға ауысқан. Ресейдің ғана емес, елдегі энергия өндіруші кәсіпорындары да көмірді тұтынуды азайтқан. Министр статистка келтірді.

2016 жылы 98 млн тонн көмір алынған. Экспорттық қиындықтарға қарамастан, биыл көрсеткіш ұлғая түспек. Жылдың жоспары - 100 млн тонна қара отын өндіру. Былтыр ішкі нарыққа 71,8 млн тонна отын жеткізілген. Ал 26,2 млн тонна экспортталыпты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі: 

Шешілмеген бір мәселе - Қазақстандық көмірді экспорттау үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттері аумағындағы теңіз порттарындағы қызметтерге тең қол жеткізу мәселесі. Қазақстандық көмір өндіруші кәсіпорындар ресейлік теңіз порттары операторларының қызметтеріне қол жеткізе алмай отыр. Әрине, кедергілер бар. Себебі осы терминалдарды ресейлік ірі көмір өндіруші компаниялары бақылауда ұстап отыр. 

Ал тау-кен өндіруші және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец елде көмір тапшылығы жоғын айтты. Есесіне, қатты отынды сыртқа тасымалдау үшін вагон жеткіліксіз, деді.

Николай Радостовец, Тау-кен өндіруші және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:

Қараша-желтоқсан айларында біздің көмір өндіруші компаниялар, мәселен, «Арселор», «Богатырь», «Қазақмыс», «Шұбаркөл» 30 пайызға вагондармен қамтамасыз етілмеді. Яғни өз міндеттемелерін орындай алмады. Жалғыз себеп - вагон жетіспеушілігі. Сондықтан көліктік тасымалды дамытудың жаңа үлгісін жасау керек.

Қазір Үкімет қатты отынды Еуропаға тасымалдау жолдарын қарап жатыр. Ал Энергетика министрі, керек болса, көмірді Жапонияға жеткіземіз, деді. Бүгінде 1 млн-нан 4 млн-ға дейін шикізатты экспорттауға мүмкіндік тауып отырған көрінеді.