Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Пайдаланылмай тұрған жер учаскелері көп

AstanaTV
24.01.2017ж. 20:00
3009
Пайдаланылмай тұрған жер учаскелері көп

Ақтөбенің қақ ортасындағы пайдаланылмай жатқан жерлер мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы Ақтөбе қаласы әкімдігінің мамандары мәлімдеді. Өйткені көпқабатты үй салуға ниетті құрылыс компанияларына қала ішінде бос жер табылмай отыр. Ақтөбедегі тілшіміз қанша га жер бос жатқанын және мәселе қалай шешілетінін білді.

Шамил Каспранов құрылыс саласында 22 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол басқаратын компания осы уақыт ішінде 360 мың шаршы метр болатын баспана салған. Кәсіпкер қазіргі уақытта тұрғын үй салу үшін қалада жер жоқ екенін айтады.

Шамиль Каспранов, құрылыс компаниясының басшысы:

Жер жоқ. Мысалы, бізге жылына 5 гектар жерден берілсе, тұрақты түрде 5-7 үйден салып отыратын едік. Яғни, жүйе қалыптасып, жұмысшыларымызға жыл бойы еңбек етуге мүмкіндік туар еді. Біз құрылыс жүргізіп жатқан Батыс-1, Батыс-2 аудандарында жерлер бар, бірақ ол аумақтар біз салып жатқан үйлердің ортасында орналасқан. Не өздері құрылыс салмайды, біз салайық десек, өте қымбат баға сұрайды. Салдарынан қаланың  сәулеті де бұзылып тұр.

Қазір Ақтөбе облысында арнайы лицензиясы бар мың жарымға жуық құрылыс компаниясы бар. Дегенмен, көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салуға тек тәжірибесі мол компаниялар ғана жіберіледі. Олар өңірде көп емес. Ал, пайдаланылмай жатқан жерлердің көбі үлкен құрылыс салуға мүмкіндігі жоқ кәсіпкерлерге тиесілі екені анықталған.

Тілеген Жаңабергенов, облыстық жерді қорғау және пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

469 га жердегі 148 құқық бұзушылық анықталды. Олар жерді ұзақ уақыт пайдаланбағаны үшін. Өткен жылы 3,8 га алаңдағы 5 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Үшеуі өз еркімен. 3,2 га жер «Автопарк» ЖШС-не тиесілі Есет батыр көшесінде орналасқан екі аумақ. Сосын "Колинвест" серіктестігінің жері.

Ендігі жерде жер учаскелері әлеуеті мол құрылыс компанияларына ғана берілетін болады. Бұл іске бақылаушы органдарды да тарту көзделген.

Айкөркем Алдабергенова, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

Пайдаланылмай жатқан жерлерді мәжбүрлеп қайтарып, содан соң жер қатынастары басқармасы бөлімімен түгендеу жүргізіп, жерлер аукцион арқылы құрылыс салушыларға бөлініп берілетін болады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазіргі күні Ақтөбе қаласында бос жатқан коммерциялық мақсаттағы 385 га жер бар. Былтыр жылдың аяғында 99 кәсіпкерге бір жылға ескерту берілген. Аталған мерзім ішінде ол аумақтар кәдеге асырылмаса, барлығы мемлеке меншігіне қайтарылмақ.

Жақсыбек КЕМАЛ