$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Волонтерлер гуманитарлық көмекті үлестіруде жергілікті органдармен тығыз жұмыс істеуде», - А.Ескендірова

AstanaTV
06.04.2024ж. 20:58
736
«Волонтерлер гуманитарлық көмекті үлестіруде жергілікті органдармен тығыз жұмыс істеуде», - А.Ескендірова

Волонтерлер гуманитарлық көмекті үлестіруде жергілікті органдармен тығыз жұмыс істеуде. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова «SARAP TIMES» бағдарламасына берген сұхбатында осылай деді. 

Су тасқынынан зардап шеккендерге қазір жер-жерден гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. «AMANAT» партиясының өзі 230 тоннадан артық жүк жинап, су басқан аймақтарға жеткізіп үлгерді. Оған «Жастар рухының» волонтерлары атсалысуда. 

«Алғашында еріктілер төтенше жағдай қызметкерлеріне көмектесті. Бөгеттерді нығайту, қаппен құм тасу секілді жұмыстарды атқарды. Қазір барлығы гуманитарлық көмекке жұмылдырылды. Жалпы 500-ден астам ерікті еңбек етуде. Гуманитарлық көмек деген тек азық-түлік пен киім-кешектен тұрмайды. Тұрмыстық заттар, онлайн оқуға қажетті құралдар қажет болуы мүмкін. Ауылдарды аралап, еріктілер соның барлығын түгендеп жүр. Мәселен, кейбір тұрғындарға жылытқыштар қажет болды. Біз мобильді топтарға айтамыз, дер кезінде жеткізуге тырысамыз», - дейді А.Ескендірова.

Еріктілер гуманитарлық көмекті жинап қана қойып жатқан жоқ. Қарғын судан зардап шеккен аймаққа жеткізіп, тұрғындарға үйлестіруде. Әрине, оңай шаруа емес. Рухтастардың басшысы қауіпсіздікті басты орынға қоятынын айтады.

«Еріктілер үнемі құтқарушылардың жанынан табылып жүр. Қандай оқиға болмасын бел ортасына барып, көмектерін көрсетіп келеді. Бірақ қауіпсіздікті естен шығармауымыз керек. Сол үшін жыл бойына арнайы курстар өткіземіз. Халықаралық лагерьге де арнайы мамандарды шақырып, дәрістерін тыңдаған болатынбыз. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз», - деді А.Ескендірова.

Сұхбат барысында волонтерлерді сақтандыру, оларды қолдауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.