Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Батыс Қазақстанда мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр

AstanaTV
10.04.2024ж. 16:40
192
Батыс Қазақстанда мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр

Батыс Қазақстан облысында суға кеткен елді мекендер аумағында мал өлекселерін жинау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

БҚО ветеринария басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аудан әкімдіктері жанынан құрылған комиссия ұсынған ақпаратқа сәйкес облыста 236 бас ірі қара (Бөрлі ауданында - 33, Қаратөбеде - 79, Сырымда - 68, Теректіде - 56), 1 677 ұсақ мал (Бәйтеректе - 1, Бөрліде - 226, Қаратөбеде - 949, Сырымда - 322, Теректіде - 179), 51 жылқы (Бөрліде - 40, Қаратөбеде - 3, Сырымда - 8), Бәйтеректе 7 бас шошқа және 81 үй құсының (Қаратөбеде - 74, Сырымда - 7) өлгені расталды.

Мал өлекселерін жою биологиялық қалдықтарды жою қағидаларына сәйкес жер траншеяларында (шұңқырларда) өртеу жолымен жүргізіліп жатыр.

Өлекселерді жинау және жою жұмыстарына ветеринариялық инспекция, ветеринариялық станция және республикалық эпизоотияға қарсы отряд (РЭҚО) қызметкерлері жұмылдырылды.

«Күні бүгінге дейін облыс бойынша 230 бас ірі қара, 1 677 ұсақ мал, 51 жылқы, 7 шошқа, 81 үй құсының өлекселері жойылды. Өлекселер жатқан аулалар мен қора-жай орындарын ветеринариялық станция мен РЭҚО қызметкерлері «Глюзамин» дезинфекциялық құралымен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су басқан аумақтарда жұқпалы ауру жұқтырмау үшін не істеу керектігін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда су басқан жерлерде ішек аурулары тіркелген жоқ.