$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО халқы қарғын судан бекініс салып қорғанып жатыр

15.04.2024ж. 20:00
600
БҚО халқы қарғын судан бекініс салып қорғанып жатыр

Батыс Қазақстан облысында 84 елдімекенге су басу қаупі төніп тұр. Су тасқынына қарсы жұмыстарды үйлестіру үшін Премьер-Министр Олжас Бектенов Орал қаласында жүр. Тілсіз жаудың келесі толқынына дайындықты пысықтаған Үкімет басшысы Жайықтың жағалауын нығайту мен бөгет құрылысын тексерді. Еліміздің өзге аймақтарынан Оралға көмекке жеткен жүздеген арнайы техника су басуы мүмкін ауылдарға жіберіліп жатыр. 

Қала сыртындағы айналма жолдар қазір ұзындығы бірнеше шақырымдық құм бекініске айналған. Ауыр жұмысқа өз еркімен келген жігіттерге қыз-келіншектер де көмектесіп жатыр.

Айгүл ОРАЗБЕКОВА ТҰРҒЫН:

Бізге де жұмыс толып жатыр екен. Мешокты байлап жатырмыз, мешокты ашып жатырмыз, ол да уақыт алады екен. Сол кішкене көмек берейік деп...

Тасқынға тосқауыл болар 70 шақырымдық бөгеттің бүгінде 60 шақырымы дайын. Қорғанысқа қауқарлы деген құрылыс барысымен премьер-министр танысып, тексерді. Ал Жайықты жағалай ұшқан вице-премьер Қанат Бозымбаев Ресей шекарасына дейінгі жағдайды тікұшақтан бақылады.

Қалияр АЙТМҰХАМБЕТОВ БҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Орскіде, Орынборда судың деңгейін қарап тұрсақ, 3-4 күннен кейін деңгейі құлай бастайды. Соған өзіміздің есебіміз ғой. Ең басты 3-4 күн шыдау. Осы бағытта біздер сол дамбалардың биіктігін де, енін де үлкейтіп жатырмыз.

Арнайы штаб өкілдері тасқын су Оралға бірер күнде жететінін айтады. Сол кезде Жайықтың деңгейі қауіпті межеден де асып түспек. Арнасына сыймаған өзен қаланың ойпаңдағы алты аумағын шайып кетуі мүмкін.

Абзал ҚҰСПАН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Өзге өңірлерден техника жетіспеушілігі, алдыртуды сәл кішкене кешігіп дабыл қақты ма деп ойлаймын. Өйткені техниканың алды тек кеше келіп бастады, бүгін келіп жатыр. Жолда келе жатыр. Ал су болса келіп қалды. Енді осы нәрсені сәл кішкене ертерек реттеуге болатын еді ғой.

Өңірдегі ең шеткі гидробекетті 17 сәуірде басатын топанның алғашқы толқыны үш күннен кейін Оралға да жетеді. Бозымбаев бұған дайын болу үшін қосымша 750 техниканы тартып, Жайық бойындағы ауылдарға жіберуді тапсырды. Бүгін қалаға жүрдек көліктер колоннасы көмекке жетті.

Арман ТОСҚАНБАЕВ ЕРІКТІ:

Болотоход дейді, вездеход дейді, сосын гусеничный машиналар бар. Су толып кеткен жердегі адамдарды құтқару ғой жұмысы. Ең бастысы труднодоступный жерге басқа техникалар жете алмағанда осындай болотоходтар жетеді. Сосын мына үлкен Камаз кунгымен. Мұның іші толған лодкалар, резиновый палаткалар бар. Үлкен он армейский палатка алдық, барлығын осының ішіне грузить еттік.

Қазір тұрғындар ғана емес, түрмеде жазасын өтеушілер де басқа облысқа көшіріліп жатыр. Хайуанаттар бағындағы жыртқыш жануарлар да қауіпсіз жерге шығарылған. Мамандардың айтуынша, Орынбордан Оралға дейін Жайықтың суы 5% азаяды. Ал Атырауға жеткенше осы мол судың жартысынан астамы жоқ болады екен. Сондықтан қазіргі мақсат - ауыр соққыны ең алдымен қабылдайтын Оралды құтқарып қалу.