$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға қол қойды

15.04.2024ж. 20:00
1053
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін екі заңға қол қойды. Енді отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары қылмыстық кодекспен қаралады. Құжатқа сәйкес, денсаулыққа қасақана ауыр не орташа зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Енгізілген жаңа нормалар жайында толығырақ тілшіміз тарқатады. 

Енгізілген нормалар мен бірқатар түзетулер әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатады. Отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтады. Бұдан бөлек отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды.

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуел бастан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән береді. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Бүгін қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бүгінде елімізде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Ендігі мақсат – 2026 жылға дейін орталықтардың санын 231-ге жеткізу. Бұл орталықтар тек ірі қалаларда емес, шалғайдағы аудандарда да ашылады. Кризстік орталықтардан айырмашылығы – бұл мекемелердің жұмысы жанұядағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Қайрат ҚАМБАРОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ ЖАСТАР ЖӘНЕ ОТБАСЫ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Арнайы орталықтарда жанұя мәселесі бойынша бүкіл сұрақтар қарастырылатын болады. Консультациялық көмек көрсетіледі. Мониторингтік топтар құрылатын болады. Демек жүйелі жұмысты жүргізу. Мониторнигтік топтар ауылдарды, аудандарды аралап жүріп жанұялар бойынша алдын ала ақпаратты біліп отыратын боламыз.

Аталған Заңда балаларға қатысты жасалған барлық қылмыстарға татуласу рәсімі алынып тасталды. Сарапшылар бұл өзгертулер еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азаюына септігін тигізеді деп сенеді.

Динара ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:

Осы заңның маңыздылығы өте зор. Себебі осы заңда, біріншіден, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін біращ түзетулер көзделген. Атап айтқанда, отбасыларға, балаларға көмек көрсететін инфрақұрылым құру бойынша, 111 мемлекеттік сенім телефонына қатысты түзетулер бар. Жергілікті жердегі бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге түзетулер бар. Тек қана осылай біз жалпы зорлық-зомбылыққа жл бермеу мәдеиетін қалыптастырамыз қоғамымызда.

Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені, яғни, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Бұдан былай білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті.

Юлия ОВЕЧКИНА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Буллинг түсінігінің біздің қоғамымызда пайда болғанына көп бола қойған жоқ. Түзетулер енгізілмей тұрып буллинг бойынша арнайы статистика да жүргізілмеген. Бүгіннен бастап осыны қолға аламыз. Зорлықты анықтау мен оның алдын алу ауқымды мәселе және жүйелі жұмысты талап етеді. Зорлықтың құрбаны болған балаларға көмек ретінде арнайы бағдарлама дайындау жоспарда бар.

Бұдан бөлек Заңда кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасаған адамға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салу көзделген. Атап өту керек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімді механизмін жасау – билік пен қоғамның сындарлы ынтымақтастығының нәтижесі.