$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Президент халыққа дәстүрлі Жолдауын арнады

AstanaTV
31.01.2017ж. 20:00
3040
Президент халыққа дәстүрлі Жолдауын арнады

Қазақстан экономикалық өрлеудің алдында тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында осылай деді. Мемлекет алдында тұрған бірнеше міндеттер мен жоспарларды айқындап берді. Олардың арасында «Сандық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеу, экспортты екі есеге арттыру, зейнетақы мен орташа жалақы мөлшерін қайта қарау жайы бар. Сондай-ақ Жолдауда мемлекет басшысы білім мен денсаулық саласына мән берілетінін, терроризмге қарсы күрестің күшейтілетінін айтты.

«Біз енді алға батыл қадам басып, үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз». Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы жолдауында осылай деді. Президенттің сөзінше, бірінші жаңғыру  - 25 жыл бұрын КСРО-дан шығып, өз жолымызды бастағанымыз. Екінші жаңғыру - «Қазақстан - 2030» стартегиясы мен жаңа елорда - Астананың салынуы. Ал әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталғанда үшінші жаңғырудың қажеттілігі туып отырғаны анық.

Президент жолдаудың бес басымдығын атап көрсеткен. Сандық технологияны қолданудың аясын барынша кеңейту. Ол үшін үкіметке «Сандық Қазақстан» бағдарламасын дайындауды тапсырды. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай шикізаттық емес сектордағы экспортты екі есе ұлғайту міндеті тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау мен өндіріске тезірек енгізу болып табылады. Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режимін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.

Жолдауда мемлекет басшысы аграрлық сектордың экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтты. Бұл әсіресе, экологиялық таза өнімдерге қатысты. Нәтижесінде  «Made in Kazakhstan» бренді  олардың эталоны болуға тиіс.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:

Елбасының қойып отырған міндеті де, бәріміздің алдымыздағы мақсат - ол жаңа, таза табиғи өнімдерді, тағамдарды шығару. Қазақстан халқын сонымен қамтамасыз ету және экспортқа шығару болып табылады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша биыл 600 шақырымдай жол пайдалануға берілмек. Ал «Нұрлы жер» алдағы 15 жылда бір жарым миллион отбасын баспанамен қамтуды көздейді. Екінші басымдық бойынша бұдан былай Қазақстан азаматтары өз кәсібін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Бизнесті дамыту тұрғысында Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау тапсырылды. Сондай-ақ, «Бәйтерек» пен «ҚазАгроны» да қайта құру қажеттігі айтылған.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бұл деген сөз, мемлекет қаражатын жұмсалуын, олардың ашықтығын көрсетіп, басшыларын жауапкерлігін арттырады. Себебі осылар арқылы холдингтер арқылы біз экономикада бәсекеге қабілеттілікті арттыру керекпіз.

Үшінші басымдықта президент Ұлттық банктің инфляцияға ғана емес, Үкіметпен бірге экономиканың өсуіне де жауапты болуы тиіс екендігін айтқан. 2017 жылы қаражатты игеру бойынша алдымен  Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктері тексерілетін болды. Сонымен қатар заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет екенін айтты. Төртінші басымдықта сауаттылық қалыптастырып, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлінеді. «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді», - деген мемлекет басшысы Жолдауда.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Ағылшын тілін енгізуге байланысты, бұл әлемдік деңгейдегі тіл. Ол қажеттіліктен туындап отыр. Оны үйрету керек. Ал ана тіліміз, қазақ тілін білуіміз әр Қазақстан азаматының міндеті мен борышы болу керек.

Бесінші басымдық ланкестік әрекеттерді тоқтатып, жемқорлықты жоюға бағытталған. Бұл ретте судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды делінген. Президент шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналатынын айта келіп, Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырды.

Үшінші жаңғыруға арналған бұл Жолдау - президенттің жиырма жыл ішіндегі 21-ші жолдауы. Ең алғаш Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы Алматы қаласында Парламентте жолдау жасап, «Қазақстан 2030» стратегиясын жариялаған еді. Жалпы президенттің халыққа үндеулері әлемнің 15 тіліне аударылған екен. Депутаттар бүгінгі Жолдауды өңірлерді аралау барысында халыққа кеңінен түсіндіретін боламыз деді.

Саламат ОМАШ