Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Универсиаданың екінші күні олжалы болды

AstanaTV
31.01.2017ж. 20:00
2789
Универсиаданың екінші күні олжалы болды

Қазақ спортшылары ел үмітін ақтап, жүлде қоржынын кезекті медальдармен толтырып жатыр. Бүгін универсиада ойындарында жерлестеріміз 2 алтын, бір күміс пен қоланы қанжығаға байлады. Әзірге 8 медальмен екінші орынға жайғастық. Олжалардың қатары көбейер ме еді? Бірақ ауа райының қолайсыздығынан бүгін кейбір спорт түрлері бойынша жарыс тоқтатылды.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қазақстандық фристайлшы Жанбота Алдабергенова бүгін тағы Универсиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Кеше Жібек Арапбаева екеуі күміс пен қоладан қоржынға медаль салса, бүгінгі дода да аралас командалық акробатика сайысы бойынша Бағлан Іңкәрбек екеуі оқ бойы озық шықты. Финалдық сайыста біздің спортшылардың бағына орай, қытайлық спортшылар секіруден сылбырлық танытты. Нәтижесінде  жерлестеріміз алтын жүлдені кеудеге тақты.

Жанбота Алдабергенова, 28-ші универсиаданың алтын жүлдегері:

Бірінші орынға қол жеткіздік. Ол оңай болған жоқ. Ауа-райында қиындықтар болды, жел болды. Қытайды алға өткізіп, 2-3-ші орын алып қалдық. Енді бүгін Қытайды артқа қалдырып, алға шықтық.

Фристайлшылардың ерлігін биатлоннан 15 шақырымға жекелей жарыста қазақстандық атлеттер қайталады. Трассадағы қардың қалыңдығына қарамастан, Алина Райкова 59 минут 48 секундта  жарысты аяқтап, алтын алды. Нысананы дәл көздеуден күмісті ешкімге бермедік. Галина Вишневская екінші орынға жайғасып, қола медальді украиналық Надия Белкина місе тұтты.

Алина Райкова, 28-ші универсиаданың алтын жүлдегері:


Бұл менің ең үлкен жеңісім. Қол жетпейтін нәрсе жоқ. Алтынды да жеңіп алдық. Ең бастысы, алдыңа мақсат қоя білуің керек. Сонда жетістікке жетесің.

Мұзда шапшаң қимылдап, жүгіруді талап ететін спорт түрінен де отандасымыздың бағы жанды. Бапкерлер үміт артқан қарағандылық спортшы  қыз Екатерина Айдова 1500 метр қашықтықта конькимен жүгіруден қола жүлдегер атанды. Бүгінгі жүлделер реті осындай. Тағы бірнеше олжа күткен болатынбыз. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірнеше спорт түрлері ертеңге шегерілді.

Наиль Нұров, Универсиадаға дайындық және оны өткізу жөніндегі дирекцияның жетекшісі:

Бүгін шынымен де ауа-райы күрт өзгерді. Қытымыр қыс  жарыс кезінде қиындықтар тудырды. Соған қарамастан бірнеше жарысты өткіздік. Дегенмен ертең күн-райы  жақсы болып,  спорт ойындары жалғасын табады деген сенімдеміз.

Айгүл Ермахан, тілші:

Универсиада дирекциясы байрақты бәсеке кезінде ауа-райынан бөлек, бірнеше қиындықтардың туындап жатқанын мәлімдеді. Жарыс кезінде Халықаралық студенттер федерациясы өкілінің денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскен. Қазір оның жағдайы дәрігерлер бақылауында. Жалпы доданың екінші күнінде жүлде қоры бойынша екінші орынға шықты. Еліміз қоржынында 8 медаль бар - 2 алтын, 2 күміс, 4 қола. Қазақ мерейін үстем ететін жарыстар ертең жалғасады.

Айгүл ЕРМАХАН