Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Салық пен алиментке қарыздар көлігі мен куәлігінен айрылып жатыр

AstanaTV
02.02.2017ж. 20:00
3219
Салық пен алиментке қарыздар көлігі мен куәлігінен айрылып жатыр

Қостанайда салық пен алиментке қарыз жандар көлігі мен куәлігінен айрылып жатыр. Рейдтік тексеру шаралары барысында 10 борышкердің көлігі тәркіленіп, айып тұрағына жеткізілген. Алимент төлеуден жалтарған 47 адамның тізімін сот орындаушылар полицейлерге тапсырды. Енді олар жүргізуші куәлігінсіз қалмақ. Бұл үшін соттың арнайы шешімі бар. Әділет департаментінің өкілдері қарызын уақытылы өтемегендерді әкімшілік жауапкершілікке тартуды көздейді. Тақырыпты аймақтағы тілшіміз Заңғар Санай тарқатады.

Заңғар Санай, тілші:

Аймақ тұрғындарының тек алимент бойынша қарызы 100 миллион теңгеден асады. Сондықтан сот орындаушылар аптасына бірнеше рет рейдтік-шара өткізіп, борышкерлердің дүние-мүлкін тәркілеуге кірісті.

Олардың қолында 11 мың өндірістік атқару ісі бар. Бұл былтырғымен салыстарғанда екі есе төмен көрсеткіш. Әйтсе де департамент қызметкерлері қара тізімге іліккен тұрғындардың қарызын түгел қайтаруға бел буып отыр.

Асхат Жүнісов, Қостанай облысы әділет департаменті басшысының орынбасары:

Бүгінгі таңда алимент бойынша 100 миллионнан астам қарыз бар. Күнделікті өсіп отырады. Борышкер төлемеген сайын өседі. Бір жағынан өндіріп жатсақ, бір жағынан қарыз өсіп жатады. Бірақ біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Бұл бір күндік рейд емес. Сот орындаушылар аптасына 3-4 рет рейдке шығады.

-Біз көлігіңізді айыптұраққа қоямыз,  сіз қарызыңызды өтегенше. 

Валерий Кочкарев 1 жыл бойы мүгедек баласына алимент төлемеген. Осыны негізге алған сот орындаушылар бүгін оның көлігін тәркіледі. Борышкер бір айдың көлемінде 1 миллионнан астам қарызын өтеуі тиіс. Бермеген жағдайда темір тұлпарымен қош айтысады.

Валерий Кочкарев, борышкер:


Алимент төлеуден жалтарып жүрген жоқпын. Жұмысқа орналассам, бірден ақша аудара бастаймын, сол кезде көлігімді кері қайтарып аламын деп ойлаймын.

Өткен жылы өңірдің сот орындаушылары облыс бойынша 509 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартып, алимент төлеуден мүлдем жалтарып жүрген 16 адамға қатысты қылмыстық іс қозғапты. Сондай-ақ,  685 адамды жұмыссыздар есебіне  қойып, 40 азаматқа тұрақты жұмыс тауып берген.

Заңғар САНАЙ