Негізгі / Жаңалықтар / Парламентке жемқорлыққа қарсы құқықтық-сараптамалық орталықтар қажет- сарапшы

Парламентке жемқорлыққа қарсы құқықтық-сараптамалық орталықтар қажет- сарапшы

Парламентке жемқорлыққа қарсы құқықтық-сараптамалық орталықтар қажет. Яғни онда сыбайластыққа қарсы сараптама жүргізіліп, әлеуметтік зерттеу жасалуы тиіс. Мұндай пікірді саясаттанушы Марат Шибұтов айтты. Сондай-ақ, ол тәуелсіз сарапшылардың қызметіне жүгіну үшін жеке бюджет керек екенін жеткізді. Ұсыныс Астанада өткен «Жаңғырту 3.0: Қазақстанның экономикалық және саяси дамуының жаңа кезеңі» атты сарапшылар форумында көтерілді. Аталған басқосуды «Парасат» зерттеулер институты мен президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институты бірлесе отырып ұйымдастырған. Саясаттанушы, мұндай қадамға бару парламенттің дұрыс шешімдер қабылдауына ықпал етіп, жүйелі жұмысын арттыра түседі, дейді.

Марат Шибұтов,  саясаттанушы:

Парламентте қазір 155 депутат бар, қосымша бір-бір көмекшіден. Оған қоса аппаратта 200 адам. Сонымен бітті. Егер кез келген министрлікті алатын болсақ, онда қызметкерлер саны көп, тіпті бірнеше мың адамды құрайды. Мұнан бөлек олардың қызметіне көмекке келетін ведомстволық бағынысты ұйымдар бар. Ал парламентке ешкім де көмектеспейді. Мысалы, депутатқа 25 ғылыми ведомствоның қорытындысы жазылған заңды алып келеді делік. Ол бұл құжаттарды оқиды, танысады. Бірақ, толық сараптап шығуға интеллектуалдық тұрғыдан дайын емес.

Форум аясында Елбасының халыққа арнаған жолдауы да кеңінен талқыланды. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додоновтың айтуынша, маңызды құжатта қамтылған жаңалықтың бірі ұлттық банктің жауапкершілігін кеңейтуге бағытталған.

Вячеслав Додонов, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:

Нақты дүние айтылды. Яғни ұлттық банк тек инфляцияға ғана емес, экономикалық өсімге де жауап беретін болады. Бұрын мұндай болмаған еді. Экономикалық өсім қаржы-несиелік саясаттың әдісімен жасалады. Осы арқылы банктік жүйеден экономикаға қаржы құйылады. Яғни ашық нарықтағы операциялар, мөлшерлемелерді басқару. Бұл құралдардың бәрі Ұлттық банкте бар. 

Айбек ҚОСАНОВ