$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жаһан жұрты электр көлігін пайдалануға көшіп жатыр

AstanaTV
24.05.2024ж. 08:21
627
Жаһан жұрты электр көлігін пайдалануға көшіп жатыр

Электромобильдердің әлемдік сатылымының динамикасы жыл өткен сайын артып отыр. Былтыр шамамен 17 млн электрмобиль мен гибридті автомобиль сатылды. Бұл – алдынғы жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.

Сұранысқа сай өндіріс те қарқын алып жатыр. Көш бастап тұрған Қытайда былтыр 10 млн-ға жуық электр көлігі жасалған. АҚШ пен Еуропа елдері де көштен қалар емес. Ал Жапония болса ұшатын электр көлігі өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Жаһан жұрты біртіндеп электр көлігін пайдалануға көшіп жатыр. Бұл үрдіске қатысты сарапшылар не дейді?

Электромобильдердің басты артықшылығы – олардың қалалардағы ауа сапасын жақсартуға қосатын үлесі. Бір жыл ішінде бір электромобильдің өзі орташа есеппен ауадағы 1,5 миллион грамм көмірқышқыл газының төмендеуіне ықпал етеді. Өз кезегінде бұл тыныс алу жолдары ауруларының азаюына, озон қабатын сақтауға жағдай жасайды. Мұнымен қоса электромобильдерді қолдану жаһандық жылынуды баяулатуға септігін тигізеді.

Электркар жасап шығаруда көршіміз Қытай көш бастап тұр. Бұл елдің өндіріс қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Әлем нарығының 60%-ін Қытай электр көліктері құрайды. Үздік өндірушілер тізіміндегі АҚШ-та тоқпен жүретін көліктердің нарықтағы үлесі – 11%. Америкада Tesla, General Motors және Ford сияқты компаниялар көш бастап тұр. Еуропада да автоөнеркәсіп өркен жайып келеді. Нарықтың 11%-і Германия, Норвегия, Франция көліктеріне тиесілі. Бұл елдерде атышулы Volkswagen, BMW, Mercedes-Benz, Renault, Peugeot, Think электрокары өндіріледі. Мұнан кейін Жапония мен Оңтүстік Корея үздік бестік тізімін толықтырып тұр. Бұл елдерде жасап шығарылатын Nissan, Mitsubishi, Toyota, Hyundai электр көліктерінің нарықтағы үлесі 3%-ке тең. Сондай-ақ Ресей, Канада, Аустралия мен Мексика да электрмобиль өндірісі бойынша қалыс қалар емес. Федерацияның Мәскеу автомобиль зауытында «Москвич 3е» электромобильдері нарыққа шығарылады. Ал 2 жыл бұрын Липецк облысындағы «Мотор инвест» зауытында Еvolute электромобильдері өндіріле бастады,-деп хабарлайды 24.kz.