$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед СҚО сапарлады

AstanaTV
10.02.2017ж. 20:00
3001
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед СҚО сапарлады

Заманауи өндіріс - нарықтық экономиканың негізгі талабы. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгін жұмыс сапарымен Қызылжар өңіріне барып, "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының іске асырылуын байқады. Сапар барысында жетекші партия өкілі облыстың ірі компанияларымен танысты. Сондай-ақ, өңір белсенділерімен кездесіп, Елбасының жолдауы жөнінде ой бөлісті. Нұротандық, әсіресе, бизнестің ауыл аймақтарында дамып жатқанына риза болды.

Қызылжар еліміздің солтүстік қақпасы болғандықтан, мұнда бизнес саласы үлкен қолдауға ие. Жергілікті кәсіпорындар ресейлік бәсекелестерінен қалыс қалмау үшін әрдайым ілгері жылжуды көздейді. Осы орайда Елбасының "индустрияландыру" бағдарламасы іздегенге сұраған болды.

Мемлекеттің шарапатын көргендердің бірі - Радуга серіктестігі. Кәсіпорын пластиктан тұрмыстық заттарды шығаруды жолға қойған. Ал 3 жыл бұрын индустрияландыру картасының аясында қаржыға ие болып, таңғы асты дайындау ісін қолға алған. 2002 жылы ашылған компания бүгінде өнімнің 200-ден астам түрін өндіреді. Мекеменің жұмысымен танысқан партия төрағасының бірінші орынбасары, "Радуга" серіктестігі жаңғырту бағдарламасын дұрыс пайдалана білді, деп санайды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:


Міне аудан орталығындағы шағын кәсіпорынның өзінде 200-ге жуық өнім шығарылады. Және ол тек Қазақстанда ғана емес, шетелде, мынау көрші Ресейде де сатыла бастаған. Бәсекеге қабілеттілік деген осы. Егер үлкен кәсіпорындар дәл осындай жақсы технологиялық деңгеймен дамитын болса, олар жаһандық нарықты жақсы меңгеретін болады. Елбасы жолдауының басты мақсаты да осы.

Қазір кәсіпорын Испания, Ресей, Қытай сынды экономикалық алпауыттардың қондырғыларын пайдаланып келеді. Осының арқасында жоғары сапалы өнім шығарып, оны тек ел ішінде ғана емес, сыртта да саудалап отыр. Шетелде "Made in Kazakhstan" бренді экологиялық тазалығымен бағаланады, дейді компания басшысы.

Дмитрий Шарапаев, "Радуга" ЖШС директоры:


Бүгінде біз Нестле, Кунцево Россия сынды әйгілі брендтермен бәсекелестікке түстік. Өндірісімізді әрдайым жаңартып отырамыз. Тауарың сұранысқа ие болу үшін, екі қадам алда жүру керек. Елбасының жолдауы да осыны меңзейді. Біз инновациядан қалмауға тырысамыз.

Бұдан соң партия төрағасының бірінші орынбасары Зиксто зауыты, диірмен және макарон фабрикасының жұмысымен танысты. Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс белсенділерімен де кездесті. Жиында Елбасының жолдауы әңгіменің өзегіне айналды. Өндірістің тасы өрге домалау үшін технологияны заманға сай жаңғыртып отыру керек, дейді партия өкілі. Бұл орайда "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының берері мол. Жалпы, биыл аталған жобаның арқасында өңірдегі 259 кәсіпорын мемлекеттің қолдауына ие болған.

Абзал ҚҰРМАНКИН