Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбеде дәрі бағасы 40-50 пайызға қымбаттаған

AstanaTV
10.02.2017ж. 20:00
2607
Ақтөбеде дәрі бағасы 40-50 пайызға қымбаттаған

Ақтөбеде соңғы 9 айда дәрі бағасы 40-50 пайызға қымбаттаған. Бұл медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің дерегі. Дәріхана иелері бағаның өсуін шетелдерден тасымалданатын препараттар құнының өзгеруімен түсіндіреді. Дәрі-дәрмек бағаның шарықтағанын облыс басшысы айтып, дабыл қаққан еді. Осыдан соң не өзгерді? Жақсыбек Кемал біліп көрді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Өңірде медициналық және фармацевтикалық бұйымдарды сатумен және таратумен айналысатын 601 мекеме бар. Ақтөбе қаласының өзінде 271 дәріхана орналасқан. Олардың жартысынан астамы халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына 3-10 пайыз көлемінде ғана жеңілдік көрсетеді.

Күні кеше медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті басшылығының есебін тыңдаған облыс әкімі жеңілдіктің аз екенін және дәрі бағасының шарықтап кетуіне жол берілгенін қатаң сынға алған еді.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:


Саған не жазылып берді, мұнда соны маған оқып тұрсың. Маған ол керек емес! Осыдан екі апта бұрын айттым, дәрі-дәрмекпен қамтылу жайын тыңдаймын деп! Дайындалуыңыз керек еді, дәріханаларға өз аяғыңызен барып көруіңіз керек еді. Бәрімен меморандумға қол қойды, сол меморандум талабы қайда?

Дәріхана қожайындары меморандумда көрсетілген дәрілердің бағасы сол қалпында екенін айтады. Ал, өзге препараттардың қымбаттауына бірден бір себеп - импортқа тәуелділік, деді. Яғни теңге мен доллардың ара-қатынасына тығыз байланысты. Қазіргі күні шетелдерден келетін дәрі-дәрмектердің үлесі 75-80 пайызды құрап отыр.

Гүлшира Қомпақова, дәріханалар желісінің коммерциялық директоры:

Барлық импортты дәрі-дәрмектер тасымалдаушылар арқылы евро, доллармен сатып алынады. Біздің бағамыз да соларға байланысты. Егер шетелдің валюта бағамы көтерілсе, сәйкесінше, препараттар да қымбатқа сатылады. Ал, меморандумға қатысты мынаны ескеру керек, мысалы, онда «анальгиннің» бір ғана шығарушысы көрсетілуі мүмкін. Бізде 5-6 фирмадан шығарылатын «анальгин» сатылады.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшылығы бізге арнайы жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Олар бір апта ішінде дәріханалардағы бағаларды талдап, қымбатшылыққа неліктен жол берілгенін жан-жақты зерттемек. Бұл жұмыстардың нәтижесінде арнайы ұсыныспен облыс әкімдігіне және министрлікке шықпақ. Айтуынша, меморандумда көрсетілген дәрілер бағасын ұстап тұр. Ал, басқа препараттардың шектен тыс қымбаттағынан растайды.

Ринат Құбатаев, медициналық және фармацевтикалық  бақылау департаменті басшысының орынбасары:

1-ге бір қымбаттаған болуы мүмкін. 70-80 пайызға қымбаттағандары бар. Кейбіреулер түсінбей қалып, меморандумнан тыс шара деп түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан әрі қарай дәріханалар, кәсіпкерлер, 2017 жылға жаңа меморандум қабылдағанша, былтырғы меморандумды ұстап тұруға уәде берді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Дәріхана иелері, коммуналдық төлемдер бағасының шарықтауы да жығылған үстіне жұдырық болып отыр, дейді. Олар қызмет көрсету ақылары төмендесе, дәрі-дәрмек құнын арзандатуға дайын. Ал арнайы жұмыс тобы мұндай ұсыныстарды тиісті мекемелерге жеткізуге әзір екендерін айтады.

Жақсыбек КЕМАЛ