$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Алматы прокуратурасы жер сілкінгенде сейсмикалық ескерту берілмегені үшін қылмыстық іс қозғады

AstanaTV
05.06.2024ж. 08:47
380
Алматы прокуратурасы жер сілкінгенде сейсмикалық ескерту берілмегені үшін қылмыстық іс қозғады

Алматы прокуратурасы қаңтарда сейсмикалық ескерту жүйесі қосылмағаны бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу абайсыздық бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Айта кетері, ескерту жүйесіне миллиард теңгеден астам ақша бөлінген.Бұл туралы Stan.kz хабарлайды. 

23 қаңтар мен 4 наурызда Алматыда жер сілкінді. Қатты шошынған халық ескерту жүйесінің жұмыс істемегеніне наразылық білдірді. Президент те жер сілкінісіне дайын жоқ болғанын сынап, тексеру жүргізуді тапсырды. 

“Алматы қалалық прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі "Абайсыздық" бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы қаласының арнайы прокурорлар басқармасы жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы туралы өзге де мәліметтер жария етілмейді”, – деді Алматы қалалық прокуратурасының аға прокуроры Райымбек Шәрібаев.

"Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де өз бетінше тексеру жүргізіп жатыр. Ескерту жүйесі бюджетке бір миллиард теңгеден астам шығын әкелген. Қоғам белсенділері бұл сома дұрыс жұмсалмағанын айтады.

“Мердігердің айтуынша, бір швейцариялық сейсмикалық датчик құны 11 миллион теңгеден сәл асады, оған қоса шағын серверлік қорап, коммуникациялық құрал-жабдықтар шамамен 2-3 миллион. Құрылысқа 7-9 миллион кетті делік. Болжамымыз бойынша оның құны 20 миллионнан аспайды. Дегенмен құжат бойынша 40 миллион делінген”, – деп мәлімдеді "Әділдік жолы" РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов.

Қоғам белсенділері ішкі мемлекеттік аудит департаментінен ақшаның не үшін жұмсалғаны туралы есеп беруді сұрап отыр.