$474.83 €515.38 ₽5.5
×

СҚО-да «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 40-қа жуық фермер несие алды

AstanaTV
11.06.2024ж. 15:58
306
СҚО-да «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 40-қа жуық фермер несие алды

Диқандар үшін ыңғайлы «Кең дала 2» бағдарламасына ел бойынша бүгінге дейін 300-ден астам кәсіпкер қатысса, соның 38-і – Солтүстік Қазақстан облысынан. Бұл – 2,8 млрд теңге.

Көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша несие алғандардың бірі – «Полтавское» ЖШС. СҚО-дағы шаруашылықтың 15 мың га жуық алқабы бар, дәнді, майлы дақыл, жем-шөп те егеді.

«Бұған дейін «Кең дала» бағдарламасы бойынша 400 млн теңге алдық. Енді жаңа «Кең дала 2» бағдарламасы шығып отыр. Ол арқылы біз 200 млн теңге алдық. Өте ыңғайлы бағдарлама, өйткені қарызды күзде, баға жоқ уақытта емес, көктемде қайтаруға болады. «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы қаражат белгілі бір мақсатқа беріледі. Мәселен, алған ақшаның 90 млн теңгесіне мың тонна тыңайтқыш алып, осылайша 40%-ын төледік. 30% гербицид алуға жұмсалды. Бұл қаражатты жұмысшылардың еңбекақысын беруге пайдалануға болады. Шаруалар үшін өте қолайлы, ойластырылып жасалған бағдарлама. Диқандарға көмек керек, былтыр орақ қиын жағдайда өтті. Көктемде су тасқыны болды, әрі жауын-шашынды, қосымша шығынға батып жатырмыз», - дейді «Полтавское» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Зікірин.

Аққайың ауданындағы шаруашылық мемлекеттің қолдауы нәтижесінде ісін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдың дамуына да үлес қосып отыр.

«Біз 200-300 млн теңгеге жуық қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсаймыз. Баспаналар тұрғызып жатырмыз. Әр баспананың өзіндік құны орта есеппен 16 млн теңгеге шықты. Біз оны жұмысшыларымызға 10 жылға бөліп төлеу мүмкіндігімен 4,5 млн теңгеге бердік. Осындай 11 үй салдық. 120 шаршы метр, ішінде суы, кәрізі бар. Былтыр балабақшаны пайдалануға бердік. Жолдарды жөнге келтірдік. Қазір ауылда қоғамдық монша, медициналық пункт жұмыс істейді», - дейді Ерлан Зікірин.

«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға биыл ел бойынша 300 млрд теңге бөлінген. Жеңілдетілген несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарынан, екінші деңгейлі банктерден, кредиттік серіктестіктерден, микроқаржы ұйымдарынан және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы алуға болады.

«Қарыз алушылар үшін жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде болады. Бұған дейін фермерлер пайыздық мөлшерлемені қысқарту үшін және субсидия алу үшін жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларына жүгінуге, жаңа міндеттемелерге қол қоюға, қаржының бөлінгенін күтуге мәжбүр болған. Кепілге қоятын мүлік іздеп қажет емес, қарыз сомасының 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіреді», - дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мәрлен Нәбиев.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, СҚО-ға «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 50 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 134 фермерден 14,7 млрд теңгенің өтінімі түскен.

Бұған дейін СҚО-да 52 медициналық ұйым ӘМСҚ аясында қызмет көрсететінін айтқан едік.