$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Мектеп жасындағы қыздарды вакциналауға үкімет 9,5 млрд теңге бөлді

AstanaTV
11.06.2024ж. 16:31
335
Мектеп жасындағы қыздарды вакциналауға үкімет 9,5 млрд теңге бөлді

Қазақстанда биыл күзде оқушы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе егіледі. АҚШ-тан вакцина сатып алуға үкімет 9,5 млрд теңге қаражат бөлген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Azattyq Rýhy тілшісі денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан 11 жастағы қыздарға егілетін вакцина қай елден және қанша ақшаға сатып алынатынын сұрады.

«Үкімет тарапынан 9,5 млрд теңгедей қаражат бөлінді. 370 мыңнан астам вакцина алынды. 175 мыңға жуық қызымыз вакцинациялауға жатады. Америка Құрама Штаттарының вакцинасын сатып алуға шешім қабылданды», - деп жауап берді министр.

Айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі төрт валентті вакцинаға тоқталған. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы.

Әлназарова папиллома вирусына қарсы екпе егу ерікті түрде жүргізілетінін, ата-аналарды ешкім мәжбүрлемейтінін атап өтті.

«Иә, бәрі ерікті түрде болады. Бірақ баласының болашағын ойлайтын ата-анаға қажет болса біз қосымша ақпарат береміз. Өз тарапымыздан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондықтан ешқандай мәжбүрлеу мәселесі орын алмайды», - деп сендірді министр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл күзде 11 жастағы оқушы қыздарға папиллома вирусына қарсы екпе егіледі. Вакцина жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған.