Алматы облысында жүзуден облыстық ашық чемпионат өтті. Чемпионатқа он жеті жасқа дейінгі 400-ге жуық жеткіншек қатысты. Облыстық жарыс биыл ғана қолданысқа берілген Олимпиадалық даярлау орталығында өтті. Сонау он бесінші ғасырдың соңында пайда болып, кеңінен тараған бұл спорт түріне қазір жастарымыз көптеп қызығушылық білдіруде.
Дария ЧЛЕМИНА, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ;
Менің бұл спортпен айналысып келе жатқаныма үш жыл болды. Бұл өте керемет спорт түрі. Мен осы сәтті асыға күттім. Жүзу кезінде бойымды адреналин билеп, біраз қорықтым. Мен өзім таңдаған спортты өте қатты жақсы көремін және бүгінгі жарыста жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын.
Республиканың барлық облыстарынан келген спортшылар мен жанкүйерлер жас қатысушыларға барынша қолдау білдірді. Турнир қорытындысы бойынша ерекшеленгендерге спорттық разрядтар беріліп, мақтау қағаздары табысталды.
Абзал ОРЫНБЕК, БАС ТӨРЕШІ:
Бұл турнирдің мақсаты- облысымыздағы спортты дамыту. Оның ішінде жүзу спортына жастардың қызығушылығын арттыру. Себебі біздің өлкемізде талантты жастар өте көп. Алдағы уақытта осындай жарыстарды көптеп ұйымдастыруға тырысамыз және жүзу спортына барша балалар мен жасөспірімдерді қатысуға шақырамыз.