$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады

10.07.2024ж. 20:00
371
Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады

Мемлекет басшысы бүгін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды. Сондай-ақ, төрткүл дүние түгел көз тігіп отырған дүбірлі дода да бақ сынайтын спортшыларымызға сәттілік тіледі.

Парижде өтетін төрт жылдықтың басты бәсекесін әлем жұртшылығы асыға күтіп отыр. Олимпиадада ел намысын қорғайтын спортшылармен Мемлекет басшысы кездесып, сәттілік тіледі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ.

Расында ел мерейін асыруға барлық спортшыда мүмкіндік бар. Жолдама үшін жанталасты. Енді Париж төрінде атой салу міндеті тұр. Оң жамбасымызға келетін спорт түрі жеткілікті. Бұған дейін талай тарландар топ жарды. Енді ізін жалғайтындар жарысқа аттанады. Мемлекет басшысы спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары – соның айқын көрінісі. Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі. Содан соң, Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.

Өз кезегінде салтанатты жиында, спортшылар да Мемлекет басшысына өз алғыстарын білдірді.

Асланбек ШЫМБЕРГЕНОВ, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде тыңғылықты дайындық жасап, олимпиада ойындарының жолдамасына қол жеткіздік. Ел намысын абыроймен қорғау, бізге сеніп тапсырылған аса жауапты парыз екенін сезінеміз. Өзімнің атымнан және ұлттық құраманың капитаны ретінде барлық спортшыларымыздың атынан көк байрағымызды Париж төрінде желбіретуге бар күш-жігерімізді саламыз.

Айта кетейік, шараға Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі онлайн қатысты. Себебі олар қазір Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.