$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Қызылордадағы медициналық емдеу мекемесінде маман тапшы

Қызылордадағы  медициналық емдеу мекемесінде маман тапшы

Айжан Мұратованың күйік шалған бөпесін көтеріп сандалып жүргеніне үш күн болыпты. Айтуынша, өздері ем алып келген «Сенім» емханасында тексеріп, ем тағайындайтын маман жоқ. Тіпті аяғын медбикелер кезектесіп таңып беретін көрінеді.

Айжан МҰРАТОВА, ТҰРҒЫН:

Бұл жақта хирург жоқ, я кішкентай баланы қарайтын мамандар жоқ. Барлығын қысқартып, шығарып жіберіп жатыр дейді менің естуім бойынша. ал қазір мен талонмен ЖДға баруым керек. Бұл енді кішкентай балам ғой, кішкентай сәби ғой. Маған қазір экстренно врачтар керек. Бұл одан сайын асқынып кетсе кім жауапты.

Жиналғандардың барлығы да «Сенімге» сенуден қалған. Себебі бұрын жақсы қызмет көрсеткен емхана жұмысы құрылтайшысы ауысқалы бері шатқаяқтап кетті дейді. Нағыз қажет және тәжірибелі мамандар жұмыстан кетіп жатқан көрінеді.

Әлия АЛТЫНБАСОВА, ТҰРҒЫН:


Бұл не деген масқара, санаулы педиатр мен терапевт қызмет көрсетуде. Сондықтан оларға жүктеме көбейген. Үйге шақыртсақ, дәрігер емес медбике келеді.

Әсем АХМЕТХАНОВА, ТҰРҒЫН:

Бізді қазір ЖД поликлиникаға қаратып қойған. Ол ЖД поликлиникаға я автобус жүрмейді. Таксимен баратын болса біреуінде ақша бар , біреуінде ақша жоқ.

Бұл жерден 22 мың науқас тұрақты ем алса, оның 5 мыңы -бала. Жеке емхана мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейді. Алайда кадр тапшы. Оны емдеу мекемесінің жаңа басшылары да мойындап отыр.

Ақбота ЖАНАТБЕКОВНА, ТЕМІР ЖОЛ ЕМХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кадр тапшылығы барлық жерде бар екенін білеміз. Дәрігерлер кейбірі шығып кетіп жатыр. Кейбірі келіп жатыр. Қай тар буынды маман жетіспей тұр соларды толықтыруға тырысамыз. Ешкімге ешқандай қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Халықтың жұмысын жақсарту мақсатында өндірістік қажеттілікке байланысты функционалды міндеттерін түсіндіру арқылы біз жұмыс жасап жатырмыз.

Туындаған мәселенің шешілуін облыстық денсаулық сақтау басқарамасы қадағалаймыз деп уәде етті.

Мая МИРЗАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдағы уақытта бұл емханаға және басшыларына талаптар біздің тараптан күшейетін болады. Орындамаған жағдайда басқа да шаралар қолданып, халықтың медициналық қызметті қолжетімді түрде алуына біз жағдай жасайтын боламыз.

Басы ауырып балтыры сыздағанда жедел көмек ала алмай сандалған халықтың мәселесі енді қашан шешілетіні белгісіз.