$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Бізді жаңа тосынсыйлар күтіп тұр": Ғалымдар жаһандық жылыну жоспарланбаған рекордтық деңгейге жеткенін айтты

AstanaTV
02.08.2024ж. 13:14
352
"Бізді жаңа тосынсыйлар күтіп тұр": Ғалымдар жаһандық жылыну жоспарланбаған рекордтық деңгейге жеткенін айтты

2024 жыл климат катаклизмі жылы ретінде тарихқа енбек. Ғалымдар жаһандық жылынудың жаңа рекордтық деңгейіне өткенімізді алға тартып, планетаның жылуы тіршілікке қатты әсер етіп жатқанын жеткізді. Мамандар алдағы жылдары түрлі тосынсыйлар күтіп тұрғанын айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлады. 

Ғалымдардың айтуынша кейінгі аптада әлем ең ыстық үш күнді бастан өткерген. Ал кейінгі 13 айда температура рекордтық көрсеткішке жеткен. Аптап ыстық көптеген адамның өмірін алып жатыр. БҰҰ осы орайда жаңа жаһандық эпидемия туралы айтты. Деректерге сүйенсек, 2024 жыл ең ыстық жыл болмақ. Себебі Эль-Ниньо температураны уақытша төмендететін "Ла Ниньоға" ауысса да, жаһандық жылыну процесі жылдамдап жатыр.

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш климат дағдарысы адамзаттың ортақ мәселесі екенін еске салды.

"Жер барған сайын қызып, тіршілікке қауіп төндіреді", — деді ол.

Ол жаһандық жылынуды миллиардтаған адамға әсер ететін жаңа "эпидемияға" балады. Себебі Жерде температура 50°C-қа дейін жетті. Бұл – ылғалды климатта өмір сүруге жарамсыз көрсеткіш. Әлемде жұмысшылардың 70%-дан астамы немесе шамамен 2,5 миллиард адам төтенше температурадан зардап шегіп отыр. Бұл жұмыс өнімділігін де екі есе төмендетеді. 

"Жазда аптап ыстықтың болуы әдеттегі көрініс екені анық. Бірақ қатты жылу жиілеп, ауқымы кеңейюде. Ол экономикаға әсер етіп, прогресті тежейді, теңсіздікті тудырады және адамдар өліміне әкеліп соғады", — деді Гутерриш.

Аптап ыстықтан әсіресе егде жастағы, жүкті және кедей адамдар зардап шегіп жатыр. NASA мен Коперник климат орталығының мәліметтері бойынша, кейінгі 13 айдың әрқайсысы бұрынғы деректермен салыстырғанда жылы болған. Кейінгі 12 айда планетаның температурасы 1,5°C-тан асып түсті.

Тарихи тұрғыдан алғанда, планета жүздеген мың жылдар бойы мұндай нәрсені бастан өткермеген. Мысалы, биылғы шілденің өзінде жер бетіндегі орташа температура жаңа рекорд орнатты. 22 шілдеде планета 17,16°C -қа дейін жылыды.

Жыл сайын жарты миллион адам ыстықтан қаза тауып жатыр. БҰҰ мәліметінше, бұл тропиктегі жойқын дауылдардан 30 есе көп.