$479.23 €534.96 ₽5.16
×

Елжана келесі Олимпиадада қуантады — Әлия Юсупова

AstanaTV
09.08.2024ж. 00:06
225
Елжана келесі Олимпиадада қуантады — Әлия Юсупова

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупова шәкірті Елжана Таниеваның бүгінгі жарысына баға берді.

«Өкінішке қарай, Таниева финалға шыққан үздік 10 спортшының қатарына іліге алмады. Бұл — оның қатысып отырған алғашқы Олимпиадасы. Жасы небәрі 18-де. Соған қарамастан барын салып, жақсы өнер көрсетті. Өзі де өте еңбекқор спортшы. Өздеріңіз көргендей, ол соңғы ұршық жаттығуында сәл төмен ұпай алып қалды. Негізі доппен жаттығуда өрескел қате жіберіп, допты қолынан түсіріп алды. Ал ұршық жаттығуын өте таза орындап шыққан еді. Бір қызығы, төрешілер таза орындалған ұршық жаттығуына доптан да төмен ұпай берді. Мен бірден төрешілерге шағым түсірдім. Алайда, олар шағымды қанағаттандырған жоқ. Неліктен мұндай төмен ұпай қойғанын түсінбедім. Елжананың болашағы алда. Бұйырса келесі Олимпиада ойындарында қуантамыз», — деді бас бапкер Әлия Юсупова.

Сонымен қатар, бас бапкер жарыс барысында орын алған тағы бір қызықты оқиғасын бөлісті.

«Қызық, жарысқа бір күн қалғанда бізде тағы бір жағдай болды. Елжананың таспасында Road to Paris деген жазу бар еді. Ұйымдастырушылар бір күн қалғанда мұндай жазуы бар таспамен жарысқа жіберілмейтінін айтты. Ал спортшылар үшін ұсталған, дайындалған құралмен өнер көрсету өте маңызды. Таңертең дүкеннен су жаңа таспа сатып алдық. Бірақ бұл таспа да жаңа болғандықтан, дұрыс ұшқан жоқ. Содан әлем чемпионы, италиялық София Рафаэллиден бір таспа сұрап алдық. Сол үшін рахмет айтамыз оған», — деді бас бапкер. 

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды